Медициналық сақтандырудан түскен жарналар Ұлттық банкте сақталады

11 Қаңтар 2023, 17:28
893
Бөлісу:
Медициналық сақтандырудан түскен жарналар Ұлттық банкте сақталады

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорда филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, МӘМС үшін түскен барлық жарна аударымдары Ұлттық банкте сақталып, медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.  

2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында МӘМС үшін Астана  қаласы бойынша 67,5 млрд теңге жарна аударымдары түскен. Ал өткен жылдың желтоқсан айында елордалықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін  6,9 млрд теңгеден аса жарна аударған. 

Астана қаласында 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2022 жылдың 31 желтоқсаны аралығында медициналық сақтандыру үшін жинақталған жарнаның жалпы сомасы 168,2 млрд теңгеге жуықтайды. 

Былтыр қаңтар-желтоқсан айлары аралығында МӘМС үшін Астана  қаласы бойынша 67,5 млрд теңге жарна аударылған. Оның 37,8 млрд теңгеге жуығы – жұмыс берушілердің аударымдары, ал жеке кәсіпкерлерден түскен жарна – 29,7 млрд теңге (жалпы соманың 129,1 млн. теңгеден астамы бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) бойынша аударылған). Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады да, медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, тексергеннен кейін ғана Қор жеткізушілеріне төлем жүргізіледі, - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Айта кетерлігі, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап 12 айға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Бұрын медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.

Бірақ 12 айға бірден төлем жасауға болмайды, өйткені жүйе әр ай үшін төлемді бөлек оқиды, сондықтан әр айға бөлек-бөлек төлеу керек. 

Жарналарды төлеу кезінде қателіктер жіберілмегеніне көз жеткізу керек. Әйтпесе, төлем жүйеге түспейді және сізге мәртебе берілмейді. Енгізілген ЖСН, төлем кезеңінің және төлем енгізілетін жылдың дұрыстығын қайта тексеріңіз.

Егер бір айда қате жіберілсе немесе екі рет төленсе, қате төленген төлемді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш жазу арқылы қайтаруға болады.

МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі кез келген банк, банктердің мобильді қосымшалары, жылдам төлем терминалдары және «Қазпошта» филиалдары арқылы төлеуге болады. 

Өзгелердің жаңалығы