Маусым басталғаннан бері медициналық пойыз дәрігерлері 62 мыңнан астам емделушіні қабылдады, деп хабарлайды Baq.kz.
Халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімді болуы — мемлекетті алаңдатып отырған маңызды міндеттердің бірі. Аудан және облыс орталықтарынан шалғай орналасқан және дәрігерлердің көмегін уақытылы ала алмайтын шағын ауыл-аймақтың тұрғындары басты назарға алынды. Осы мақсатта 2010 жылы алыс станцияларда тұратын қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға бағытталған «Медициналық пойыздар» жобасы іске қосылды.
Биыл еліміз бойынша «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» консультативтік-диагностикалық пойыздары қызмет көрсетіп жатыр. Маусым басынан бері олар 116 стансаны аралап шықты, 62 мыңнан астам адам дәрігерлердің көмегін алды. Жақында «Саламатты Қазақстан» пойызы Қостанай облысындағы жұмысын аяқтап, тоғыз станцияның тұрғындарына медициналық көмек көрсетті.
Дәрігерлер бригадасының келу уақыты тұрғындарға алдын ала хабарланады. Олар жергілікті медициналық мекемелерде тапшы мамандардың қабылдауына жазылып, ем-домын ала алады.
Пойызда жалпы тәжірибе дәрігері, акушер-гинеколог, көз, құлақ, мұрын және тіс дәрігері, кардиолог, невропатолог, УДЗ маманы және т.б. дәрігерлер қабылдау жүргізеді. Олардың барлығы — тәжірибесі мол және жоғары білікті мамандар. Қызмет тегін көрсетіледі және қажет болған жағдайда облыстық емханаларға жолдама беріледі, - дейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жетекшісі Аман Қасенов.
Пойыздың өз зертханасы бар, сол жерде сынама тапсыруға және флюорографиядан өтуге болады. Жалпы пойызда медициналық құралдармен толық жабдықталған төрт кабинет бар. Соның арқасында дәрігерлер кейде ауыр дертке шалдыққан науқастарды да анықтап жатады.
Іш қуысының ультрадыбыстық зерттеуі кезінде науқастардың бірінен ісік таптық. Бұл сигнавидті ішек қатерлі ісігі болуы мүмкін. Диагнозды растау үшін науқасты компьютерлік және магниттік-резонанстық томографияға түсуге, сондай-ақ онкологтың қабылдауына жібердік, - дейді Аман Қасенов.
Сондай-ақ дәрігерлер басқа науқастың соқырішек ауруын жедел әрі уақытында анықтап, қалалық ауруханаға отаға жіберіп, өмірін сақтап қалған.
Станса тұрғындары пойыз қызметкерлеріне кәсіби шеберлігі мен өз ісіне адалдығы үшін алғыс білдіреді.
Мен мұнда арнайы тексеруден өтіп, дәрігерлерден кеңес алу үшін келдім. Гинекологтың, терапевтің, ультрадыбыстық маманның қабылдауында болдым және барлық дәрігер өте мейірімді әрі өз ісіне мұқият екенін атап өткім келеді. Мұндай пойыздардың жиі жүргенін қалаймын, өйткені ауыл тұрғындарының қалаға барып, медициналық қызмет алуға мүмкіндігі жоқ. Ал бұл жобаның арқасында республикалық деңгейдегі білікті мамандар шағын ауылдарға барып, сол жерде көмек көрсетеді. Ауылдастар атынан жоба ұйымдастырушыларына – «Samruk-Kazyna Trust» қорына, Әлеуметтік жобалар қорына және Денсаулық сақтау министрлігіне алғысымды білдіремін, - деді Сарыкөл стансасының тұрғыны Гүлнар Әленова.
Қазір «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ұлытау облысында қызмет көрсетіп жатыр, содан соң Ақмола өңірі арқылы өтіп, Қарағанды облысына аттанады. Бір ай ішінде дәрігерлер 15 станцияның тұрғындарын тексереді. Балаларымен келген емделушілер өзімен бірге жеке куәлігін және балалардың туу туралы куәліктерін әкелуі қажет.
Медициналық пойыздардың қозғалыс кестесі туралы нақты ақпаратты жобаның www.medpoezd.kz ресми сайтынан немесе 8 7172 60 45 94, 8 701 206 15 40 нөмірлері арқылы, @medpoezd.kz Instagram парақшасынан да білуге болады.