Медиктер Жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алады

30 Желтоқсан 2020, 23:03
2073
Бөлісу:
Медиктер Жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы Жаңа жылды 12 медицина қызметкерінің отбасы жаңа пәтерлерде қарсы алады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Майқұдықтағы бұрынғы аурухананың екі қабатты ескі ғимараты Қарағанды медицина университетінің түлектері үшін арнайы жөнделді. Аталған үйде бір бөлмелі он пәтер және екі бөлмелі екі пәтер бар. Пәтерлердің ас үйлері қажетті жиһазбен және техникамен жабдықталған. Тұрғын үйдің аумағы абаттандырылып, балалар алаңы орнатылды. Жалға берілетін бұл тұрғын үйлерде тек коммуналдық қызметтер үшін ғана ақы төлеу қажет - деді ол өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында.

Биылғы жылы Денсаулық сақтау басқармасы медицина қызметкерлері мен облыстың барлық медициналық мекемелері үшін қажетті біршама жұмыстарды атқарды. 

Облысымыздың барлық аудандары мен қалаларының денсаулық сақтау нысандарында түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа жабдықтар сатып алынды. Қарағандыдағы жаңа эндоскопиялық орталықта болдым. №3 көпсалалы ауруханада заманауи жабдықтардың көмегімен қатерлі ісік ауруларын ерте сатыда анықтауға болады. Мұнда бір ауысымда 100-ге жуық науқасты қабылдай алады. Сондай-ақ күнсайын жарақат деңгейі төмен 10-12 эндоскопиялық операцияларды жүргізу жоспарлануда. Ал келесі жылы Оңтүстік-Шығыс ауданындағы көпсалалы балалар ауруханасының құрылысын аяқтау, сонымен қатар онкодиспансерде жаңа операциялық блоктың құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Жезқазғандағы онкологиялық диспансер филиалының ғимаратын қайта жаңарту жұмыстары мен Қарағандыда жедел медициналық жәрдем қызметінің қосалқы станциясының құрылысын бастаймыз - деді Жеңіс Қасымбек.
Өзгелердің жаңалығы