Медициналық сақтандыру: Атырау облысы үздік үштікке енеді

10 Ақпан 2021, 09:56
1829
Бөлісу:
Медициналық сақтандыру: Атырау облысы үздік үштікке енеді

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысы халқының саны 660 мыңға жуық болса, 560 мыңнан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы сақтандырылған. 

Аймақ республикада алғашқы үздік үштікке кіреді екен. Жүйе іске қосылғалы бері өңірде жинақталған жарнаның сомасы 30 миллиардқа жуықтаған.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 31 желтоқсаны аралығында Атырау облысы бойынша жинақталған жарнаның жалпы сомасы 29 млрд 997 млн теңгені құрап отыр. Оның 24 млрд 941 млн теңгесі жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 5 миллиардтан астамы жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Біз белсенді облыстардың қатарындамыз. Медициналық сақтандырылатын азаматтар саны әлі де біраз өседі, - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің жетекшісі Сағынбек Аронов.

Облыс бойынша 23 емдеу орны міндетті әлеуметік медициналық сақтандыру арқылы қызмет көрсетеді екен. 

Олардың 15-і мемлекеттік, 8-і жеке емхана. 

Қор өкілінің айтуынша, сақтандырылған азаматтарға жергілікті деңгейде медициналық қызметтің қандай да бір түрін көрсету мүмкін болмаған жағдайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, квоталар арқылы республикамыздың басқа өңірлерінен білікті және сапалы ем алуға мүмкіндік жасалады. 

Сондай-ақ өткен жылы қорға облыс тұрғындарынан келіп түскен шағымдардың басым бөлігі медициналық сараптамаларға жолдама алу қиындығы екен.

2020 жылы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Атырау облысы бойынша филиалына азаматтардан 144 шағым келіп түскен. Осы шағымдардың 112-сі «1406» байланыс орталығы арқылы түссе, ал 32-сі «Qoldau 24/7» мобильдік қосымшасы арқылы қабылданған. Барлық шағым өз уақытында қаралып, қанағаттандырылды. Азаматтардан түсетін шағымдардың басым көбі медициналық анализдерге жолдамалар беруге байланысты болады. Ал емдеу орындарындағы кемшіліктерге денсаулық сақтау басқармасы жауап береді, - дейді Сағынбек Аронов.

Өзгелердің жаңалығы