Медицина саласына қомақты қаржы құю керек – Тоқаев

1 Қыркүйек 2021, 12:08
4630
Бөлісу:
Медицина саласына қомақты қаржы құю керек – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатыр. Бұрыннан бар стандартты екпелер көп балаға салынбай қалды. Оған жол беруге болмайды. Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, кадр дайындауға жұмсалуы керек, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсеке мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көз жеткенін айтты.

Сондықтан медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын жолға қою керек. Біздегі дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың отандық үлесі 17 пайызды ғана құрайды. Оны 50 пайызға жеткізу керек, - деді ол.

Айта кетейік, Президенттің Жолдауы барлық республикалық телеарна мен негізгі радиостансалардан онлайн көрсетіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы