Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған медицина қызметкерлері арасында шахматтан облыстық турнир өтті.
Шахмат – бұл біліктілік пен шапшаңдықты талап ететін спорт түрі. Оның басты мақсаты – ойлау, ой түю қабілетінің өсуіне өзіндік үлес қосу және саламатты өмір салтын насихаттау. Маңғыстаулық денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін өз ақыл-ойың осындай қалыпта ұстау жақсы дәстүрге айналған, деп хабарлады облыстық басқарманың баспасөз қызметі.Шахмат турнирінде облыстың түрлі денсаулық сақтау мекемелерінің медицина қызметкерлері бас қосты. Жалпы, жарысқа облыстың медицина мекемелерінің 17 қызметкері қатысып, 3 сағатқа созылған турнир соңында жеңімпаздар анықтады.
Қорытынды ойын мен табанды күрестен кейін 1-орынды облыстық психикалық денсаулық орталығы есептік есепшісі Сәндібек Жұмаділов, 2-орынды Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасы жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінің дәрігері Мирас Стуаниев, 3-орынды №3 Жаңаөзен қалалық емханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Оразбек Атабай және 4-орынды №3 Жаңаөзен қалалық емханасының фельдшері Нұрсұлтан Бисенбаев иеленді.
Облыстық турнир жеңімпаздары шахмат турнирінің республикалық кезеңінде Маңғыстау облысының намысын қорғайтын болады. «Senim» кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалы төрешілік еткені үшін «Дебют» шахмат мектебінің директоры Анвар Шайхымовқа, сондай-ақ жарысқа қатысқан барлық қатысушыға белсенді ойын көрсеткені үшін зор алғыс білдіреді.