Медиацияны насихаттаған журналистер марапатталды

16 Қыркүйек 2020, 21:28
1663
Бөлісу:
Медиацияны насихаттаған журналистер марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордадағы Достық үйінде медиация институтын насихаттауға бағытталған «Үздік мақала» және «Үздік репортаж» байқауларының жеңімпаздары марапатталды.

Шараға облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы А. Мукеев қатысып, медиация институтын насихаттауға белсене ат салысып келген журналистерге алғысын білдірді.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050: Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиясында соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамыту арқылы ұсақ-түйек мәселелерді сотқа жеткізбей-ақ шешудің тәсілдерін қарастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілген.

Одан бөлек, Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев медиация институтын жетілдіру бойынша сөз қозғаған болатын. Расында, қабылданғанына 10 жылға жуық уақыт болған «Медиация туралы» Заң ақпараттандыруды қажет етеді.

Ұлы Дала дәстүрінде ата-бабаларымыз шырмауы қатты дауды бейбіт жолмен шешіп, екі тарапты бір ауыз сөзбен татуластыра білген, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла даналар болған.

Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты егеменді елімізде жаңа серпінмен қолға алынуы құптарлық жайт. 2011 жылғы 5 тамызда күшіне енген «Медиация туралы» Заң толыққанды, кідіріссіз жүзеге асуы үшін бақылауда болуы қажет. «Медиация туралы» Заңның қажеттілігі мен оның дамуы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін дәлелдейді.

Медиация институтын одан әрі насихаттау мақсатында қаламы қарышты журналистердің ат салысуын ынталандыру көзделді.

«Аймақта медиация институтын ілгерілету» жобасы аясында медиация институтын насихаттауға арналған «Үздік мақала» және «Үздік репортаж» байқаулары үстіміздегі жылғы 10 маусымда жарияланды.

Жалпы алғанда 42 ақпараттық материал жарық көріп, ішінде ірі көлемді және мағыналы деген материалдар таңдалды.

Нәтижесінде «Үздік репортаж» байқауында бірінші орында «Медиация институты» ролигімен Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы И. Серікбай, екінші орында «Медиация – азаматтық қоғам дамуының көрінісі» репортажымен «Хабар24» телеарнасының тілшісі Н. Жақыпбеков және үшінші орынды «Медиация – мәміле алаңы» репортажымен Qyzylorda телеарнасының тілшісі, «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ директоры Т. Әлжанов иеленді.

«Үздік мақала» байқауында бірінші орында «Медиация – дауды шешудің ең тиімді тәсілі» мақаласымен «Кызылорда Ньюс» ақпараттық агенттігінің тілшісі Д. Маханова, екінші орынды «Татуласу» тетіктері туралы» мақаласымен Қызылорда облыстық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің жетекші маманы Н. Нұрбайқызы және үшінші орынды «Медиация саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды» мақаласымен «Сыр бойы» газетінің тілшісі М. Дауылбайқызы иеленді. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.

Қатысушылар өз кезегінде алдағы уақытта халық арасында дауды сотсыз шешу жолдарын насихаттау, медиация институтының қол жетімділігін арттыру бойынша бірлескен іс-шаралар жүргізуге дайын екендігін білдіріп, шара ұйымдастырушыларына алғыстарын жеткізді.
Өзгелердің жаңалығы