Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Мүмкіндігі шектеулі балалар қамтылатын жоба жуық арада облыс орталығында жүзеге асуы тиіс.
Қоғамдық коммуникация орталығында өткен жиында "Батыр бол" әлеуметтік жобасының Маңғыстау облысы бойынша жетекшісі Кенжегүл Тайғара осылай деді.
Айта кетейік, "Батыр бол" әлеуметтік жобасы ұлттық дельфий комитетінің ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын. Әлеуметтік жобаны жоғарыда аталған комитет Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшілігінің грантына іске асыруға жұмыстанып келеді.
Жалпы бұл жобаның мақсаты - ерекше қажеттілікке ие жастарды оқыту арқылы қазақ елінде әлеуметтік жарнама өндірушілердің аймақтық желісін құру, қызметін одан әрі дамыту.
Жуық арада өткен іріктеу шараларына аймақтардан 51 бала қатысып, оның сегізі республикаға жолдама алып отыр. Мүмкіндігі шектеулі балалар, болашақ медияшылар он күн бойы әлеуметтік жарнаманы жасау, оны ғаламтор желісінде
таратудың қыр-сырын меңгеруді үйреніп алды.
"Батыр бол" әлеуметтік жобасына әсіресе Петропавл, Атырау мен Ақтау қалаларынан ерекше қажетілікке ие жастар көптеп қатысты. Ұйымдастырушылар әрбір облыстан келген балаларды топқа бөліп, достық қарым-қатынаста жұмыс жасауға үйретті. Қатысушылар мүмкіндігі шектеулі екендеріне қарамастан, тың идеяларымен әрі видео-блогтарды түсіруде таңдалған тақырыптары ұйымдастырушыларды ерекше тәнті етті. Осы ретте айта кететін қуанышты жаңалық, республика бойынша алғаш рет Ақтауда мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытып, олардың медиа жұмыстарын ары қарай дамыту мақсатында медиа-мектеп ашу жоспарлануда, - дейді Кенжегүл Тайғара.
Нұр-Сұлтанға барған сәтінде қатысушылар дәрістен бос уақытында мәдени орталықтарды аралап, өздері үлгі тұтатын журналистермен кездесіп, еркін форматта пікір алмасқан.
Сапардан ерекше әсермен оралған олар осы жобадан оқып-естіген ақпаратын өз қабілетін ұштауға пайдаланбақшы.