Алматы прокуратурасы жалпы аумағы 288 гектарды құрайтын екі жер учаскесінің жеке меншікке заңсыз берілгенін анықтады. Даулы жер телімдері 17 млрд теңгеден астам сомаға бағаланған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған учаскелер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жатады және құрамында су қоры бар болғандықтан, оларды жекешелендіруге болмайды.
Жетісу ауданы прокуратурасының талап арызы бойынша сот жасалған мәмілелерді жарамсыз деп таныды.
Алматы қалалық сотының сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде құны 17 млрд теңгеден асатын даулы жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Еске салайық, өткен жылы Ұлытау облысында прокурорлар 295 млн теңгенің жерін мемлекетке қайтарған болатын. Бірқатар жер пайдаланушылар учаскелерді ұзақ уақыт бойы мақсатты түрде пайдаланбаған. Сондай-ақ Павлодар облысында 2,7 млрд теңгеге бағаланған 70 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Еске салсақ, Риддерде туризмге кедергі жасаған әкімдік шешімі заңсыз деп танылды. Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен «Скай Тау Риддер» ЖШС-нің заңды мүдделерін қорғады.
Тағы оқи отырыңыздар: Ақтөбеде 1,9 гектар пайдаланылмаған жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.