Әлем чемпионатының екінші күнінде бір күміс, бір қола медаль бұйырды

16 Қыркүйек 2019, 09:22
2564
Бөлісу:
Әлем чемпионатының екінші күнінде бір күміс, бір қола медаль бұйырды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Қазақстан астанасында грек-рим, еркін, әйелдер күресінен әлем чемпионаты басталды. Жарыстың екінші күнінде 55, 63, 72  және 82 келіге дейінгі грек-рим күресінің балуандары арасында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Алдымен, грек-рим күресінен Олимпиада бағдарламасынан тыс қалған 55, 63, 72 және 82 келі салмақтар бойынша үздіктердің есімдері белгілі болды. Ең жеңіл 55 келіге дейін салмақтағы балуандар арасында Нугзари Цурцумия (Грузия) топ жарды. Ол финалда жерлесіміз Қорлан Жақаншаны 9:0 есебімен жеңді. Өкінішке қарай, отандасымыз күміс жүлдені қанағат тұтты.

Бұл салмақта Шота Огава (Жапония) мен Элданиз Азизли (Әзірбайжан) қола жүлдеге ие болды.

Дегенмен, бұл Қорланның қатысып отырған алғашқы әлем чемпионаты. 

«Шыны керек, финалда тым асығып кеттім. Тезірек алтын алсам, тезірек тұғыр биігінде тұрсам деген ой ғана болды. Осының салдарынан қарсыластың құрсауына тез түсіп қалдым. Өйткені, финалға шыққан спортшының жалғыз-ақ арманы болады. Ол  - алтын алу. Сол себепті, өз қателігімнен жеңілдім. Жалпы, турнир мен үшін оңай болған жоқ. Қарсыластарымның бәрі қарымды. Әсіресе, былтырғы әлем чемпионы, әзірбайжандық Азизлиді жеңгенім үлкен рух берді. Тіпті, әлем чемпионатының финалына шыққаныма сене алмадым. Өз өзіме келе алмай, өз өзіме сенбей ұзақ жүрдім. Мүмкін, осының бәрі маған қосымша жүк болған шығар. Егер бапкерлерімнің нұсқауымен күрескенімде, бәрі басқаша болушы ма еді?! Олар асықпауды, төрт тағаннан ұпай алып бастауды тапсырған еді. Өзімнің асығыстығымнан ұтылдым», - дейді 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қорлан Жақанша.

WhatsApp Image 2019-09-16 at 08.55.19 (1).jpeg


 

Ал 63 келіге дейін салмақта алтын жүлдеге Шинобу Ота (Япония) ие болды. Ол финалда Степан Марянянға (Ресей) еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Қола жүлде Алмат Кебіспаев (Қазақстан) пен Славик Галстянға (Армения) бұйырды. Алғашқысы жұбаныш белдесуінде қырғыз Тынар Шаршенбековтен 9:0 есебімен басым түссе, армян балуаны Мейсам Далханидың (Иран) осал тұсын тапты.

«Әлем чемпионатындағы кезекті медальмен барша жанкүйерлерді құттықтаймын. Белдесуде бар күшімді салдым. Өз жерімізде өтіп жатқан, өз жанкүйерлеріміздің қолдауын сезінген әлемдік сында медаль алмау әбестік болар еді. Қиқу қосып, дем берген барша жанкүйерге алғыс айтамын.  Бұл 63 келі салмақ дәрежесі Олимпиада бағдарламасына енбеген. Көпшілік ағаларымның өтініші бойынша салмақ қуып, 63 келіде белдескен болатынмын. Алты келідей салмақ қуу оңай болған жоқ. Дегенмен, менің олимпиадалық салмаққа оралып, жолдамаға таласатыным сөзсіз.  Кешегі жартылай финалға келер болсақ, жапон балуаны мықтылығын дәлелдеді. Дегенмен, қоржынға жүлде салғаныма қуаныштымын»,- дейді 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Алмат Кебіспаев.

Алмат Кебіспаев осымен  әлем чемпионаттарындағы төртінші жүлдесін иеленіп отыр. Ол 2011 жылы Стамбулдағы әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанса, 2010, 2015 және 2019 жылғы әлем чемпионаттарында қола жүлдегер қатарына енген. 

Ал, 72 келіге дейін салмақта әлем чемпионатының бас жүлдесін Абуязид Манцигов (Ресей) пен Арам Варданян (Өзбекстан) өзара сарапқа салды. Бұл белесуде Варданян ресейлік қарсыласына жарытып ештеңе көрсете алмады. Сөйтіп,0:9 есебімен жеңілді.

WhatsApp Image 2019-09-16 at 08.55.19.jpeg


 

Өз кезегінде Аик Мнацаканян (Болгария) мен Балинт Корпаши (Венгрия) үйлеріне қола жүлдемен қайтты. Бұл екеуі тиісінше «кіші финалда» Михаэль Видмайер (Германия) мен Жиюн Лиды (Оңтүстік Корея) жеңді.

Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында 82 келіде грузиялық Лаша Лобадзе жеңіске жетті. Ол Кавказ елдерінің өзара дербиінде әзірбайжандық Рафиг Гусейновты ұтты.

Тұғырдың үшінші сатысына қытайлық Ксян Хантао  (аса ірі басымдықпен Нұрбек Қашымбековті жеңді) мен Ираннан келген Саид Абдвали (украин Юрий Шкрубенің осал тұсын тапты) көтерілді.

WhatsApp Image 2019-09-16 at 08.55.10.jpeg


 

Айта кетейік, Қазақстан астанасында өтіп жатқан әлем чемпионатына 60-тан астам Олимпиада чемпиондары келді.
Чемпионатта 1002 балуан бақ сынап жатыр. Олар 104 елдің намысын қорғайды. Әлем біріншілігі  туралы ақпарат таратуға  250-ден астам журналист тіркелді.

Өзгелердің жаңалығы