Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына 30 жыл толып отыр. Осыған орай «30 жылдық мерейтойға – 30 мың түп ағаш отырғызу» шарасы өтті.
Ағаш отырғызу акциясына бас имамдар, жамағат және еріктілер атсалысты. Елордада 332 түп ағаш отырғызылды.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы келер жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы екенін атап өтті.
Осы 30 жылдың ішінде көптеген іс атқарылып келеді. Пайғамбарымыз хадисінде «Қолыңда бір құрма ағашының шыбығы болса, қиямет болған жағдайда да, сол шыбықты отырғызып үлгеріңдер» деген. Бұл хадистен ағаш отырғызудың, жалпы табиғатты көгалдандырудың қаншалықты сауабы бар екенін түсінуге болады, - деді ол.
Бас мүфти ата-бабамыздың «Әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын» деген өсиетін де тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елді көгалдандыруға қатысты айтқан болатын. 5 жылдың ішінде орман алқаптарында 1 миллиардқа жуық ағаштың егілетінін және елді мекендерде 15 миллионға жуық ағаш отырғызу жөнінде айтып өтті. Біз Пайғамбар сүннеті мен ата-бабаның өсиетін насихаттау үшін, Мемлекет басшының Жолдауындағы үндеуге үлес қосу үшін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы атынан 30 мың түп ағаш отырғызу акциясын қолға алдық, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Шара аясында Алматыда – 760 түп, Шымкентте – 1144 түп, Алматы облысында – 3080 түп, Талдықорған аймағында – 2090 түп, Ақмола облысында 1001 – түп, Ақтөбе облысында – 759 түп, Атырау облысында – 341 түп, Қарағанды облысында – 1606 түп, Қызылорда облысында – 1958 түп, Маңғыстау облысында – 385 түп, Жамбыл облысында – 3366 түп, ШҚО-ның Өскемен аймағында – 1133 түп, Семей аймағында – 1210 түп, Түркістан облысында – 8228 түп, БҚО-да – 517 түп, СҚО-да – 715 түп, Павлодар облысында – 1045 түп және Қостанай облысында 330 түп ағаш отырғызылды. Осылайша, аймақтарды қосқанда барлығы 30 мың түп ағаш бір мезетте отырғызылды.
Айта кетейік, ҚМДБ-ның құрылғанына 30 жыл толуына байланысты әр аймақта 30 жетім балаға, 30 отбасына қайырымдылық көмек көрсету, 30 елді мекеннің ауызсу, жол-көпір мәселесін шешуге ықпал ету, тарихи көрмелер ұйымдастыру, ҚМДБ туралы деректі фильм түсіру, әл-Фараби, Абай сынды тұлғалардың, ел ішінде есімі еленбей жүрген 30 дін қайраткерінің есімін мешітке беру, ауылдағы 30 мешітті күрделі жөндеуден өткізу сынды салауатты шараларды жүзеге асыру жоспарға енгізілген.