Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Пари Сен-Жерменнің" шабуылшысы Килиан Мбаппе коронавирус жұқтырды,- деп хабарлайды Франция футбол федерациясының ресми сайты.
Осыған байланысты футболшы Франция құрамасынан Хорватиямен (8 қыркүйек) өтетін Ұлттар лигасы ойынынан шеттетілді.
"Пари Сен-Жермен" клубында бұдан бөлек, шабуылшылар Неймар мен Мауро Икарди, жартылай қорғаушылар Анхель Ди Мария және Леандро Паредестен де вирустың белгілері табылған. Бұл ойыншылардың барлығы да Ибицадағы демалыстан оралған болатын.
Мбаппе "Пари Сен-Жерменге" 2017 жылдың жазында "Монако" клубынан ауысып келген еді. Трансфер құны 145 миллион еуроны құрады. Өткен маусымда 21 жастағы Мбаппе Франция чемпионатының 20 матчына қатысып, 18 гол мен бес нәтижелі пастың авторы атанды. Футболшының клубпен келісімшарты 2022 жылдың жазына дейін жасалған.