Мәжлісмендер аймақ тұрғындарымен кездесті

26 Тамыз 2019, 18:22
2375
Бөлісу:
Мәжлісмендер аймақ тұрғындарымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары Серік Сейдуманов пен Светлана Бычкова Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың уақытша қабылдау орталығына барды.

Онда депутаттар мекеме қызметкерлерімен және орталықта орналастырылған балалардың ата-аналарымен кездесті.

«Біздің аталған ұйымға келу себебіміз, балалардың құқықтарын қорғау саласында қызмет атқаратын мекемелердің қызметіне қатысты заң жобасы әзірленіп, Мемлекет Басшысы қол қойды. Осыған орай, қызметкерлер пікірлерін тыңдап қандай мәселелер бар екендігін қарастыру біз үшін маңызды болды. Сондай ақ, біз балалардың құқықтарын қорғау, бақылаусыз қалған балалар туралы заңнамалар аясында жұмыстарды жалғастырамыз», - деді Светлана Бычкова.

Өз кезегінде мекеме басшысы Б. Беркімбаева мекеменің ашылғанына биыл 12 жыл болғанына, Алматының 8 ауданынан балалар келетініне тоқталды.

«Кейбір кездерде сырттан да балалар келеді. Көпбалалы ата-аналар өздері арыз жазады. Екі-үш ай балаларымды қарап берсеңіз, бір жерге орнығып алғанша, жағдайымызды түзеп алғанша деген өтініштер түседі. Жалпы 7 жастан 14 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Бес мезгіл балаларға тамақ беріледі. Киім-кешекпен қамтамасыз етеміз. Оқу жылының басталуына орай мектеп формасын, құжаттарын, оқу құралдарын да дайындап қойдық. Белгіленген тәртіп бойынша балалар бізде алты айға дейін болады. Көбінесе біз балаларды өзінің үйіне жіберуге тырысамыз. Мәжіліс депутаттарының арнайы орталыққа келіп, әлеуметтік бағдарламаларды түсіндіріп, ата-аналар мен балалармен әңгімелесуі бізді өте қуантты», - деді ол.

Сонымен қатар, бүгін Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай Жамбыл облысына сапары барысында Меркі ауданына барып, өңірдегі ірімшік зауытының жұмысымен танысты.

Кездесуде кәсіпорынның өндіріс жұмыстары жөніндегі меңгерушісі Людмила Галенцова зауыт жұмысы туралы айтып, мұнда негізінен сүт өнімдерінің 70-ке жуық түрі өндірілетінін жеткізді.

1 (5).JPG

Сапар барысында Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай елімізде ауылды жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға барлық мүмкіндік жасалып, үнемі қолдау болатынын жеткізді.

Депутат сырттан келетін өнімдерді емес, қазақстандық тауарды тұтыну қажеттілігіне тоқталып, отандық өнімдердің сапалы, пайдалы әрі қолжетімді болуы жолында көптеген жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін несие, қаржылық грант түріндегі қолжетімді бағдарламаларды тілге тиек етті.

Шымкент қаласында Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракция мүшесі Бақытбек Смағұл «Болашақ 7» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

_DSC9642.JPG

«Болашақ 7» ЖШС-дегі өнімдердің шикізатының 80 пайызы өз елімізде өндіріледі. Зауыт соңғы технологиямен жабдықталған, өніміміз сапалы болғандықтар сұраныс бар. Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап іске қосылған зауытта 80-нен астам жұмысшыны тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Жалақы 140-160 мың теңге көлемінде. Одан бөлек 50 жуық жұмысшы өнімді таратуға тартылған», - дейді кәсіпорын директоры Ерлан Омаров.

Одан әрі депутат өндіріс орны жұмысшыларымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Симонов Ақтөбе мұнай жабдықтары зауытына барды.

Зауыттың тыныс-тіршілігімен «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ бас директоры Гасал Мусин таныстырды.

«Зауыттың ашылу рəсіміне қатысқан едік. Ол кезде кәсіпорынның өзекті мәселелері өте көп болған-ды. Арада өткен жылдар ішінде осы мәселелердің шешімін тапқанын көріп отырмын. Кәсіпорынның талпынысы өте жақсы. Əрі қарай дами түссе, адамдардың да тұрақты жұмысқа, тұрақты жалақыға қызығушылық танытары анық. Сонымен қатар жұмысшыларды тегін тамақтандырып, тасымалдау жағы қарастырылған. Яғни, адамдар қуана жұмыс істеп, табыс табады. Сондықтан осы кәсіпорында барлық өндірістік, әлеуметтік мәселелерді шешу саясаты тиісті деңгейде жүргізілуде деп есептеймін», - деді Сергей Симонов.

Кездесуде Мәжіліс депутаты атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы