Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата мүшелері тағайындалды

30 Қараша 2022, 10:52
927
Бөлісу:
Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата мүшелері тағайындалды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Белгілі болғандай, Конституцияның 57-бабына сәйкес, Парламенттің әр палатасы Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындады. 

Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайынов үш кандидатураны алға тартты. 

Депутаттар Михаил Бортникті, Рүстем Нұрпейісовті, Юлия Энгельді Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі қызметіне тағайындауды ұсынып, кандидатураларды бекітті.

Бортник Михаил Михайлович 1960 жылы туған.

Павлодар индустриалды институтын және Орта Азия университетін бітірген.

Еңбек жолын 1982-1986 жылдары Шевченко қаласындағы пластмасса зауытында техникалық жабдықтарды жөндеуші қызметінен бастады.   

Сондай-ақ еңбек жолының маңызды кезеңдерінде Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Парламенті Сенатының депутаты лауазымдарында қызметтер атқарды.

Рүстем Еслямбекұлы Нұрпейісов 1971 жылы туған.

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін және Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 

Еңбек жолын 1988-1994 жылдары Көкшетау облысының «Авангард» совхозынан бастаған. 

Рүстем Еслямбекұлы еңбек жолының маңызды кезеңдерінде  Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында бірқатар қызметтер атқарды.

Сондай-ақ 2002-2021 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ішкі аудит департаментінің директоры  лауазымдарында бірқатар жауапты қызметтер атқарды.   

 Юлия Федоровна Энгель 1982 жылы туған. 

Қазақ гуманитарлық заң университетін және Мәскеу қаласындағы Қазіргі заманғы гуманитарлық академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы жеке ұйымдарда заңгер-консультанты қызметінен бастаған.

2008-2021 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің бірқатар лауазымдарында қызметтер атқарды. 

Өзгелердің жаңалығы