Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген “Құқық бұзушылық профилактикасы” туралы заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Негізгі мақсат – профилактика жүйесін жетілдіру. Құжатта құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептерді жоюға ерекше көңіл бөлінген. Бір заң аясында бес қолданыстағы нормативтік акт біріктіріледі: “Алдын алу туралы”, “Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы”, “Кәмелетке толмағандар туралы”, “Азаматтардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысуы туралы”, “Әкімшілік қадағалау туралы”, - деді Ержан Сәденов.
Оның айтуынша, профилактика барлық деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл тәсілдер заң жобасында қарастырылған.
Біріншіден, жалпы жауапкершілік принципі енгізіледі: әкімдер өңірдегі құқықтық тәртіп жағдайына жауап береді, мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде профилактика үшін, мәслихаттар олардың есептерін тыңдау үшін, ал жергілікті қауымдастықтар бұл жұмысқа белсенді түрде тартылады. Олардың қатарына ақсақалдар кеңестері мен қоғамдық кеңестер кіреді, - деді министр.
Сәденовтің айтуынша, екіншіден, ведомствоаралық комиссияның мәртебесі жоғарылайды.
Енді комиссияның құрамы мен өкілеттігін Президент бекітеді. Оның қызметіне баға ұлттық баяндама арқылы беріледі, - деді ол.
Сонымен қатар, ІІМ басшысы атап өткендей, үшіншіден, профилактика субъектілерінің тізімі 13-тен 26-ға дейін кеңейеді.
Олардың идеологиялық-түсіндіру және тәрбиелік жұмыс, әлеуметтік бейімдеу мен цифрлық шешімдерді енгізу салаларындағы өкілеттіктері нақтыланады. Сондай-ақ азаматтар мен кәсіпкерлердің профилактикалық қызметке қатысу нысандары айқындалады, - деді Сәденов.
Министрдің айтуынша, енді барлық құқық қорғау органдары қоғамға көмек көрсетуге тартылады.
Жеке профилактика шаралары күшейтіледі. Профилактикалық бақылауға алынатын тұлғалардың есебі кеңейтіледі және жаңа тетіктер енгізіледі. Ресми ескерту беру, қиын өмірлік жағдайда қалған адамдарды есепке алу және олардың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету қарастырылған. Кәмелетке толмағандарға педагогикалық қолдау көрсетуге, оларға қатысты жақындауға тыйым салуға және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінеді, - деді ол.
Ол сондай-ақ мемлекеттік органдарға құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсыныстарды орындау міндеттелетінін атап өтті.
Сонымен қатар, заң жобасында құқыққа қарсы контентті жариялау мен таратуға тосқауыл қою шаралары енгізіледі, - деді министр.
Сондай-ақ заң жобасындағы нормалар Әлеуметтік кодекспен және тағы үш заңмен сәйкестендірілетін болады.