Мәжіліс отырысында депутат Болатбек Нажметдинұлы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке екінші азаматтықты жасыруға қатысты жауапкершілікті күшейту мәселесін көтеріп, сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Конституциясы қос азаматтыққа тікелей тыйым салады. Алайда іс жүзінде көптеген азаматтар екінші паспорттың барын жасырып, еліміздің барлық құқықтары мен жеңілдіктерін пайдалануды жалғастыруда. Тіпті мұндай фактілер анықталған жағдайда да жауапкершілік тек шамамен 690 мың теңге көлеміндегі айыппұлмен шектеледі, - деді депутат.
Депутаттың айтуынша, заңнамадағы олқылықтар мұндай тұлғаларға ел аумағынан еркін шығып кетуге және тергеуден жалтаруға мүмкіндік береді, себебі бірқатар мемлекеттен экстрадиция жасау мүмкін емес.
Екінші азаматтығын жасырған адам енді қазақстандық емес. Ол елдің болашағын ойламайды, құқықтарды пайдаланады, бірақ міндеттерін орындамайды. Бұл чемоданын арқалап жүрген уақытша резидент қана. Сондықтан мен жазаны қатаңдату жөнінде, тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін енгізу туралы түзетулерді бастамақпын,- деді депутат.
Ал Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл сауалға жауап бере отырып, министрлік аталған бастаманы талқылауға дайын екенін жеткізді.