Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасына депутат Айгүл Құспан бастамашылық етті.
Уәкілетті органға, яғни Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды кәдеге жарату объектілерінің өндірістік қызметін ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту функциясын беру ұсынылады. Ең алдымен, Бұл құжат жарамдылық мерзімі өткен оқ-дәрілерді кәдеге жаратумен айналысатын «Қазтехнология» қазақстандық мамандандырылған ұйымының қызметі үшін қажет, - деп атап өтті мәжілісмен заңды талқылау барысында.
Екіншіден, күш құрылымдарымыздың мемлекеттік сатып алу тәртібімен шамалы құнның жиынтықтауыштары мен қосалқы бөлшектерін сатып алу мүмкіндігі көзделеді. Бұл қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеуді оңайлату және жеделдету мақсатында жасалып отыр.
Ал орташа немесе күрделі жөндеу, қозғалтқыштар мен беріліс қораптар сынды сондай сияқты елеулі тораптар мен агрегаттарды керек ететін жөндеу мәселелерді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде қалдыру қажет деп санаймыз. Себебі аталған сұрақтар мұқият пысықтауды талап етеді, - деді Айгүл Құспан.
Сондай-ақ заң жобасымен «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органы ретінде Қорғаныс министрлігінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясында ұшу жұмысын ұйымдастыру жөніндегі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясының ұшуларына объективті бақылауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтарын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыретін белгілеу бөлігінде түзетулер енгізіліп отыр.