Мәжілістің жалпы отырысында депутат Екатерина Смышляева Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жаңа заң жобасында көзделген құқық бұзушылық профилактикасындағы меншік иелері бірлестіктері (МИБ) төрағаларының рөліне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасының 36-бабында меншік иелері бірлестігінің төрағаларына құқық бұзушылық профилактикасы бойынша белгілі бір функциялар жүктеу қарастырылған. Олар да профилактика субъектілерінің қатарына енгізілген. Атап айтқанда, меншік иелері бірлестігінің төрағасы қауіпсіздікке төнетін қатердің деңгейін бағалау немесе адамның мінез-құлқын құқық бұзушылыққа бейімділік тұрғысынан талдау сияқты функцияларды орындай алады, - деді Смышляева.
Депутаттың айтуынша, МИБ төрағалары азаматтық тұлғалар, олардың негізгі міндеті үйді басқаруға байланысты шаруашылық және ұйымдастырушылық жұмыстарды орындау. Олар құқық қорғау органдарының мамандары немесе қызметкерлері емес, сондықтан заң жобасында ұсынылып отырған функциялар олардың азаматтық-құқықтық табиғатынан әлдеқайда асып түседі.
Осыған байланысты менің екі сұрағым бар. Біріншіден, МИБ төрағаларына мұндай құқықтар мен функциялар беру тұрғындардың жеке өміріне араласуға алып келмей ме? Екіншіден, бұл міндеттерді атқару барысында төрағалардың өздері көршілерімен үздіксіз қақтығыстарға ұшырамай ма? Мүмкін, осындай өкілеттіктерді сәл жұмсартқан жөн болар. Өйткені қазірдің өзінде МИБ төрағасы болуға көп адам құлықты емес, - деп сөзін толықтықры депутат.
Жауап ретінде Ішкі істер министрі Ержан Сәденов профилактикалық жұмыспен барлық субъектілер мемлекеттік органдар мен қоғамдық құрылымдар айналысатынын атап өтті.
Қолданыстағы заңнама сияқты, бұл заң жобасында да профилактиканы ең алдымен мемлекеттік органдар жүзеге асыратыны қарастырылған. Бұл олардың міндеті. Ал мемлекеттік емес секторға бизнес пен меншік иелері бірлестіктеріне профилактикаға қатысу құқығы беріледі. Мемлекеттік органдар өз саласы бойынша профилактикалық шаралар жүргізеді. Үкімет бұл жұмысты бақылайды, нәтижесінде ұлттық баяндама дайындалады. Ал қызметті үйлестіру ведомствоаралық комиссия арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік емес сектордың жұмысын үйлестіруді жергілікті атқарушы органдар әкімдіктер жанындағы комиссиялар және қоғамның өзі жүргізеді, - деп түсіндірді Сәденов.
Ол МИБ-тің профилактикалық жұмысты тұрмыстық деңгейде жүргізе алатынын мысалға келтірді.
Егер МИБ-ті нақты қарастырсақ, тұрғындар бірлестіктен немесе ПИК-тен профилактика шаралары туралы сұрай алады. Мысалы, түнгі шудың алдын алу, қоқыс тастау ережелерін бұзу және басқа да құқық бұзушылықтар бойынша. Бұл жерде сізбен келісемін: мемлекеттік органдардағыдай міндеттемелер емес, жұмыс топтары арқылы мемлекеттік емес секторға белгілі бір жауапкершілік белгілеу қажет шығар. Жалпы алғанда, жергілікті қауымдастықтар бақылауды жүзеге асырады. Егер заң жобасы қабылданса, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Яғни олар қандай құқықтарға ие және мемлекеттік емес субъектілерден қандай шараларды талап ете алатыны түсіндірілетін болады, - деді министр Ержан Сәденов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген “Құқық бұзушылық профилактикасы” туралы заң жобасын таныстырды.