Мәжілісмендер кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін талқылады

10 Шілде 2024, 19:28
274
Бөлісу:
Мәжілісмендер кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін талқылады
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары Серік Егізбаев, Жигули Дайрабаев және Ерболат Саурықов Алматы облысының Іле ауданындағы «Береке» индустриялды аймағында орналасқан экспорттық жеміс-жидек кластерімен айналысатын «Fruitart» серіктестігіне барып, компанияның жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжіліс баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Fruitart» зауыты – «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының жобасы, жылына 15 000 тонна өнім өндіреді. Кәсіпорын өнімі корпоративтік клиенттерге және бөлшек сауда желілеріне, соның ішінде Еуропа Одағы, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сынды дамыған елдер нарығына мұздатылған кептірілген жемістер мен жидектер жеткізіледі. Сондай-ақ Қытай мен Ресей нарығына экспортталады. Онда 350 адам жұмыс істейді.

Мәжілісмендер кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін талқылады

Депутаттар Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыру аясында өздерінің заңнамалық жұмыстары мен кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін отандық заманауи кәсіпорындар салу жайында Үкіметке тапсырма берген еді. Мына «FRUITART» зауыты – соның бірінші көрінісі, алғашқы заманауи кәсіпорын. Оның жұмысымен танысу үшін арнайы келдік, – деді Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев.

Мәжілісмендер кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін талқылады

Депутаттар кәсіпорынның жұмысымен танысқаннан кейін, еңбек ұжымымен кездесіп, көптеген өзекті мәселені талқылады. Зауыт басшылығы депутаттарға жетістіктерімен қатар күрмеулі мәселелері жайында да айтып, көмек сұрады. Кәсіпорын жетекшілерінің айтуынша, зауыт жоба бойынша алған қарызын толық игерген. 

Алайда, компания барлық инвестициялық кредит сыйақысының толық мөлшерлемесін өз есебінен қаржыландыруға мәжбүр болып отыр. Серіктестік өкілдері «Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы» КММ субсидиялар бойынша берешегі қазір 3,8 млрд теңге екенін айтты. Жыл соңына дейін бұл қарыз 5,4 млрд теңгеге жетеді. Кәсіпорын басшылығы депутаттардан инвестициялық субсидия алуға және мөлшерлемені жылдық 6 пайызға дейін төмендетуге көмектесуді сұрады.

Депутаттар кәсіпорын өкілдерінің мәселелерін тыңдаған соң, назарға алатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы