Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі жобасы нақтыланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Бюро отырысында Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылды, - делінген хабарламада.
Заң жобасы қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңнамасын және өзге де заңнамалық актілерді жетілдіру мақсатында әзірленген.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдамақ.
Құжат кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері негізінде Семей сынақ полигоны нормативтен тыс ластанған аумақтарында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құруды көздейді.
Сондай-ақ алдағы жалпы отырыста депутаттар зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қарайды.
Палата комитеті Бюро отырысында органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізу бойынша заң жобаларын жұмысқа алады.