Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Астанада "AMANAT" партиясының "Жастар Рухы" жастар қанаты ұйымдастырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәжілістің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, іс-шараға 3000-ға жуық адам қатысты.
Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында 2029 жылға дейін кемінде 2,3 млн жасты жұмыспен қамту міндетін қойғанын атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының еліміздегі алар орнын ескере отырып, оларға ерекше құрмет көрсетілу керегін атап өтті. Колледждер мен жоғары оқу орындарын кеше ғана тәмамдаған еңбек өтілі мен тәжірибесі жоқ жастар үшін жаңа жұмысқа орналасу оңай емес. Мемлекеттің, қоғамның, бизнестің міндеті – бұл процесті жеңілдету, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу. Осылайша, әрбір түлек еңбек нарығында өз орнын тауып, елдің дамуына мейлінше тез үлес қоса бастайды. "Жастарға жұмыс" партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де соған бағытталған. Екі жыл қатарынан барлық өңірде өткізіліп жатқан жоба өз тиімділігін көрсетуде, - деді ол.
Жәрмеңке аясында Еңбек министрлігінің өкілдері келушілерге "Enbek.kz" электронды еңбек биржасының мүмкіндіктерін көрсетті. Астана әкімдігінің өкілдері NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің "Joltap" жобасын таныстырды. Елордадағы Еңбек орталығының қызметкерлері түлектерге арналған "Алғашқы жұмыс орны" және "Жастар практикасы" жобалары туралы ақпарат берді.