Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен аптада Мемлекет басшысының жетінші сайланған Парламент Мәжілісін тарату және Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлығы жарияланғанын білесіздер. Конституцияға сәйкес, Мәжілістің өкілеттіліктері мерзімінен бұрын тоқтатылып, ол уақытша болмаған кезеңде Парламенттің заң шығару қызметі толығымен Сенатқа жүктеледі. Мәжілістің жаңа құрамы сайланғанға дейін заңдарды қабылдау тәртібінде ерекшеліктер бар екенін атап өту керек, - деді Сенат төрағасы.
Айтуынша, Мәжіліс депутаттары сайланғанға дейін сенаторларға жүктелетін міндеттің жүгі жеңіл емес.
Бұл тәртіп Сенат регламентінде айқындалған. Сол тәртіп бойынша жұмысымызды ұйымдастыратын боламыз. Осы екі айда бізге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Солардың бәрін өздеріңізбен бірге сапалы әрі уақытылы орындаймыз деп сенемін, - дейді Мәулен Әшімбаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сенат комитеттерінің төрағалары сайланғаны туралы жазған болатынбыз. Тұрақты комитеттердің төрағалары қызметіне кандидатураларды ұсынбас бұрын дауыс беру тәртібін анықталып, олар ашық дауыс беру арқылы сайланды.