Мәжіліс сайлауы -2023: Сарапшы алматылықтардың неге белсенділік танытпағанын түсіндірді

20 Наурыз 2023, 15:24
1901
Бөлісу:
Мәжіліс сайлауы -2023: Сарапшы алматылықтардың неге белсенділік танытпағанын түсіндірді
Фото: newsroom.kz

«Қазақстандық Қоғамдық даму институтының» сарапшысы Олжас Бейсенбай Алматы тұрғындарының белсенділігі неге төмен болғанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Менің ойымша, мәселе жалпы халықтың науқанға қатысуында жатыр. Жылдан жылға көрсеткіш төмендеп келеді. Мәселен, 2016 жылы Мәжіліс сайлауында халықтың келуі 77 пайыз болса, 2021 жылғы сайлауда 63 пайыз, ал биыл 54 пайызға дейін төмендеді. Ашығын айтсақ, Алматыдағы төмен көрсеткіштің себебіне Қаңтар оқиғасының да әсері бар. Ол жерде халықта әлі де қоғамдық институттарға сенім нығайа қоймады, - деді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, бүгінгі таңда саяси бәсеке еркін ағымға жіберіліп отыр. Еркін ағымда - сайлаушылардың 50 пайызының келуі оң құбылыс. 

Exit-pool-дың алдын ала нәтижесін көріп отырмыз. Сайлауға түбегейлі баға беруге ертерек деп ойлаймын. Өйткені біз өңірлік көріністерді көрген жоқпыз және бірмандаттық округтерден кімдер өткенін бақылауымыз керек. Exit-pool-дың айыршамылығы тек бір-екі пайыз болатыны белгілі. Қазіргі нәтиже бойынша Парламентке 6 партия өтейін деп тұр, – деді саясаттанушы.

Бейсенбайдың сөзіне сенсек,  науқаннан соң Парламентте біріншіден, алты партия - жаңа саяси палитра қалыптастырады. Екіншіден, плюрализм мен саяси бәсеке көрініс табады.

Ол сайлаудан халық не күтіп отырғанын айтты.

Сайлаушылар - өзіміздің саяси еркімізді білдіріп, құқымызды пайдаланып дауыс бердік. Енді партиялар тізімінің ішінде кімдер әрі қарай мәжіліске өтеді деген сұрақ бар. Олардың алған дауыстарына байланысты Мәжілісте квота бөлінеді, оның ішінде 30 пайыз жастар, әйелдер және мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Қазіргі таңда партиялар тізімді қалыптастырып жатыр деген ойдамын, – деді Олжас Бейсенбай.

Еске сала кетейік, кеше Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, Алматы тұрғындары өзге өңірлермен салыстырғанда белсенділік танытпаған. 

Өзгелердің жаңалығы