Мәжіліс органикалық өнім өндіру туралы заңды мақұлдады

27 Маусым 2023, 10:52
1064
Бөлісу:
Мәжіліс органикалық өнім өндіру туралы заңды мақұлдады
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжіліс «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне органикалық өнім өндіру және оның айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын да бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» заң жобасы оған ілеспе түзетулер топтамасымен органикалық өнім өндіру және оның айналымы саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге, органикалық өнімнің ішкі нарығын қалыптастыру мен дамытуға жәрдемдесуге, сыртқы нарықтарда отандық өндірушілердің органикалық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған, - деді ол.

Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар олардың негізгі ережелерін нақтылауға және толықтыруға байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Бірлескен кепілдіктер жүйесінің қалыптасуы мен оның жұмыс істеуіне, сондай-ақ органикалық өнім өндірушілерді топтық сертификаттауға қатысты нормалар қайта қаралды. Органикалық өнім өндірушілерге қойылатын талаптар кеңейтілді, оларға сәйкес олар генетикалық түрлендірілген объектілерді, синтетикалық шыққан заттарды, химиялық пестицидтерді, гормондарды, антибиотиктерді және тағамдық қоспаларды, сондай-ақ топырақты пайдаланбай өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру әдістерін қолдануды болдырмауға міндетті болады, - деп атап өтті депутат.

Бұдан басқа, мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақтыланды.

Сонымен, уәкілетті органға органикалық өнім өндіру және оның айналымы қағидаларын әзірлеу және бекіту, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға – өнімді өткізу кезінде органикалық өнім өндіру және оның айналымы саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функциялар беріледі, - деп түсіндірді ол.

Техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның функциялары қолданыстағы заңнамамен жеткілікті деңгейде реттелген, сондықтан алынып тасталады.

Сонымен қатар жұмыс тобында мынадай нормалар қаралды:

- органикалық өнім өндіруші органикалық өнім өндіруге, оның ішінде экспортқа өткізуге арналған талаптарды орындамаған кезде сәйкестік сертификатын тоқтата тұру немесе кері қайтарып алу;

- органикалық өнім өндіру және оның айналымы саласындағы ғылыми қамтамасыз ету;

- органикалық өнім өндірісін сертификаттауға, сондай-ақ органикалық тыңайтқыштарды сатып алу құнын субсидиялауға жұмсалған шығыстарды өтеу.

Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландыруға қолжетімділікті арттыруға бағытталған «аграрлық қолхат» деген жаңа қаржы құралы енгізіледі.

Өзгелердің жаңалығы