Мәжіліс Мемлекеттік сатып алу туралы заңды мақұлдады

15 Мамыр 2024, 11:13
276
Бөлісу:
Мәжіліс Мемлекеттік сатып алу туралы заңды мақұлдады
Фото: BAQ.KZ -архив

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Мемлекеттік сатып алу туралы заңды мақұлдап, Сенатқа жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Руслан Қожасбаев заң жобасын екінші оқылымда таныстырды. Ол қандай нормалар енгізілгенін түсіндіріп берді.

Сөзінше, EPC-келісімшарттары енгізіледі.

EPC-келісімшарты – бұл объектіні салу және оны пайдалануға беру бойынша толық аяқталған құрылыстың кешенді жұмыстары. Жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде бір өнім берушінің жауапкершілігі болады. Сонымен қатар офтейк-келісімшарттары болады, - деді Қожасбаев.

Депутаттың сөзінше, отандық өндірушілерді қолдау үшін офтейк-келісімшарттарды қолданып, бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу ұсынылады.

Жаңа заңға сәйкес, әсіресе, құрылысқа байланысты жұмыстарға қоғамдық мониторинг институты енгізіледі.

Мемлекеттік сатып алу (goszakup.gov.kz) веб-порталына жұмыстарды орындау кестелерін, шарттардың орындалуы бойынша есептерді (оның ішінде фото және бейне жазба) жалпы қолжетімді етіп жариялау ұсынылады. Мониторинг «Қоғамдық бақылау туралы» заңда көзделген тетіктерге сәйкес жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы