Мәжіліс депутаттары, AMANAT фракциясының мүшелері Асхат Аймағамбетов, Никита Шаталов, Бауыржан Смағұлов, Үнзила Шапақ, Арман Қалықов, Құдайберген Бексұлтанов және Тілектес Адамбеков Теміртау қаласындағы газ тарату желілерінің құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту және көмірден газға көшу – AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасының басты тармақтарының бірі. Атап айтқанда, Теміртауда табиғи газ 3 мыңнан астам үйге қосылған. Алдағы уақытта тағы шамамен 3500 тұрғын үйді газбен қамту жоспарланып отыр.
Бұл тек қала экологиясын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың жылытуға кететін шығындарын да азайтады. Жалпы, 8 газ кешені үш кезеңде іске қосылмақ. Бүгін Мәжіліс депутаттары қаладағы газдандыру жұмыстарының барысымен танысты.
Қазіргі таңда 4 газ тарату станциясы іске қосылды. Жоспарда тағы 4 станцияны іске қосып, кейін абоненттерді қосу жұмыстары жүргізіледі. Мұның барлығы экологиялық және әлеуметтік жағынан оң әсерін береді, себебі көмірмен жылыту қиын әрі қымбат. Қазір көмірдің тоннасы шамамен 25 мың теңге тұрады, ал көгілдір отын одан арзан, – деді депутат Бауыржан Смағұлов.
Арман Қалықовтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында тұрғындарды газбен қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер қойды. Сондай-ақ Президент азаматтарды «көгілдір отынға» қосу жұмыстарын жандандыруды бірнеше рет тапсырған болатын.
Газдандыру көмір генерациясын пайдалануды едәуір қысқартады, ол ауа тазалығын қамтамасыз етеді. Ал бұл – теміртаулықтар жиі көтеретін мәселенің бірі, – деді Арман Қалыков.
Сонымен қатар мұқтаж отбасылар үшін мемлекеттік қолдау бағдарламасы қарастырылған. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы газдандыруға субсидия алуға болады.
Депутаттар сондай-ақ «Qarmet» металлургиялық комбинатының газға көшу барысымен танысты. Кәсіпорында сыртқы және ішкі газ құбыры салынады. Жұмыстардың 60 пайыздан астамы аяқталған.
Комбинат өкілдерінің айтуынша, өндірісті газдандыру жобасы кәсіпорыннан 25 шақырым қашықтықта орналасқан «Сарыарқа» газ құбырына қосылу арқылы жүзеге асады. Комбинаттың газға көшуі мазутты пайдаланудан бас тартуға мүмкіндік беріп, атмосфераға зиянды шығарындыларды кем дегенде 30 пайызға қысқартуға жол ашады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттарының жұмысында халықты газбен қамтамасыз ету және тұрмыстық газды үнемдеу мәселелері бойынша заң жобасы қаралып жатыр. Оның ішінде заң жобасы халық пен заңды тұлғалар үшін қолданыстағы тарифтерді қайта қарауға мүмкіндік береді.