Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары Наурыз мерекесіне арналған демалыстарда өңірлерді аралап, халықтың мұң-мұқтажымен танысуда. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Депутат Ержан Құдайберген Түркістан облысының Шардара ауданына барды. Онда ағын су проблемасын және «Каз-Су» шаруашылығы мекемесінің қызметіне наразы шаруа дихандарымен, аудан мәслихат депутаттарымен кездесті. Жиынға Экология, геология және табиғи ресурстар вице министрі Серік Қожаниязов арнайы іс сапармен келіп келді.
Кездесуде тұрғындар тарапынан ағын суды уақытылы беруді және су бағасының тым қымбаттауына қатысты мәселелер көтерілді.
Сонымен қатар су жеткізіп беруші мекеменің монополия тәртібін өрескел бұзып жатқаны айтылды.
Өз кезегінде депутат Ержан Құдайберген әрбір гектардың артында адам тағдыры тұрғанын айтып, агротехниканың тәртібі сақталмай дер кезінде су берілмесе, қай дақыл болмасын, көздеген жетістікке жету мүмкін емес екенін айтты. Осы ретте депутаттар халықпен бірге вице-министрден шаруалардың талабын сапалы және уақытылы орындауды талап етті, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар су ақысын төлеуді қызмет сапасына қарай талап етілу керек екеніне назар аударды.
Айта кету керек, осы күнге дейін көктемгі егінге дайындық мәселесі депутаттар тарапынан бірге бірнеше рет көтерілген болатын.