Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Конституцияға енгізілетін өзгерістермен түзетулерді жан-жақты түсіндіру мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары Жанат Омарбекова және Ирина Унжакова Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлерімен кездеті.
Референдум – Жолдауда жариялаған реформаларды халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда бекіту. Егер олар қабылданса, еліміз өзінің саяси дамуының жаңа деңгейіне өтеді. Өйткені реформа құқықтық, партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің принциптерін өзгертеді. Егер еліміздің өзгергенін қаласақ, 5 маусымдағы жалпыхалықтық референдумға қатысуымыз керек, – деді Жанат Омарбекова.
Одан әрі депутат өңір тұрғындары референдумнан оң өзгерістер күтетінін атап өтті.
1995 жылдан бері алғаш өткелі жатқан референдум – Ата заңымыздың үштен бір бөлігін өзгертуі мүмкін. Сәйкесінше, еліміздің біршама маңызды салаларында өзгеріс болады.
Конституцияның жаңарған нұсқасында құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр. Біз азаматтармен кездесіп Конституцияға енгізілетін өзгерістермен толықтыруларды жан-жақты түсіндіріп айтып, туындаған сұрақтарына жауап берген кезде адамдардың референдуға деген көзқарасы өзгеріп, қолдайтындықтарын айтып жатады. Менің ойымша кез келген ақпаратты халыққа түсінікті тілде дұрыстап жеткізу маңызды, – деді Ирина Унжакова.
Кездесуге қатысқан кітапхана қызметкерлері Республикалық штабтың мүшелеріне өз сұрақтарын қойып, ұсыныс пікірлерін де білдірді.