Мәжіліс «Әскери полиция органдары туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Әскери полиция органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі 2022 жылғы 14 желтоқсанда бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы әлемдегі өзгеріп жатқан жағдай және Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне әсер ететін ішкі және сыртқы факторлар ескеріле отырып, әскери полиция органдарының (ӘПО) өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған, - деді Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Юлия Кучинская.
Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар негізгі қызмет бағыттарына сәйкес әскери полиция органдарының міндеттерін нақтылау, әскери полиция органдарының құзыреттері мен өкілеттіктерін айқындау бойынша жұмыс істеді.
Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан және Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полиция органдарының ортақ және ерекше өкілеттіктерін бөлу жөнінде түзетулер енгізді. Заң жобасын қарау кезінде жұмыс тобының мүшелері әскери қызметшілер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерінде әскери полиция органдарының рөлін күшейту мәселесін жеке талқылады. Депутаттар ӘПО-ға әскери қызметшілерді құқықтық тәрбиелеуге қатысу құқығы мен міндетін беру жөнінде ұсыныстар енгізді, - деді ол.
Әскерлерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және әскери тәртіпті сақтау үшін депутаттар патрульдік-бекеттік қызметті жүргізу (патрульдеу) бөлігінде ӘПО міндеттерін кеңейту жөнінде түзетулер қабылдады.
Жұмыс тобының мүшелері Қарулы Күштердің әскери полиция органдарына кинологиялық қызметті жүзеге асыру құқығын беру жөніндегі түзетулерді қолдады.
ӘПО әскери қызметшілерінің қаруды, арнаулы құралдар мен дене күшін қолдануын реттейтін баптар айтарлықтай пысықталды.
Парламент Мәжілісі «Әскери полиция органдары туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады.