Бұл туралы әнші Майра Мұхамедқызы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі болып жатқан жағдайларды көріп, бағытын аңғарып отырмыз. Әлемдегі текетірес, елдер арасындағы шиелініс басылар емес. Олардың өзара қырылысы көрші елдерге, қарапайым халыққа әсер етіп отырғаны да рас. Соның бір салдары – Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс. Басым көпшілігі біздің елді паналап жатыр. Адами тұрғысынан көмектесіп, адамгершілік танытқанымыз жөн. Бастысы – олардың әрбір әрекеті заң жүзінде қадағаланып, бақылуға алынуы. Осы тұрғыдан Мемлекет басшысы жұмыстар атқарып жатыр. Өткенде елімізге әлемге белгілі тұлға – Рим Папасы Франциск келіп, бірталай іс-шараларға қатысып, ойын айтып, сөз сөйледі. Артынан 11 мемлекет басшыларының басын қосқан саммит өтті. Оған еліміздің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуі – әлем халықтарының арасында беделін айшықтай түсті, - деп атап өтті әнші.
Сондай-ақ ол Президенттің сол жиында айтқан: «Бүгін біз бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Бұл құбылыс қазірдің өзінде «жаһандық дисфункция» деп аталды. АӨСШК-тің бұған дейінгі 2019 жылы өткен саммитінен бері әлемдік қоғамдастық ауыр сынақтарды бастан өткерді. Оның салдары жаһандық дамуға әлі де әсер етіп отыр. Ендігі алдымызда тұрған маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу. Көпжақты механизмдерге тың серпін беру және ашық диалогқа оралу аса маңызды» деген сөзін алға тартты.
Осындай ауқымды әрі халықаралық шараларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі бір мақсатқа жүгініп, ұйымдастырып отыр. Ондағы мәселе – елдің саяси, экономикалық саласы бойынша күрмеулі проблемаларды шешудің жолдары қарастыру. Бастысы, мемлекеттің дамудағы, халықтың әл-ауқаты жақсаруындағы жайттар оң өзгерістерге септігі тисе, жұрт разы болатыны даусыз. Сондықтан ауызбіршілігімізден ажырамай, бір болайық. Әлемде халықтың амандығы мен тыныштығынан асқан бақыт жоқ екенін ұмытпайық! - деді Майра Мұхамедқызы.