Павлодар облысында жауапты басқарма өкілдері Майқайың кентінде екі жасөпірімді зорлау дерегіне қатысты оқиғаның жай-жапсарын айтып берді. Елді мекенде үш дерек тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Оспанованың айтуынша, 2009 жылғы жасөспірімнің Майқайың кентіндегі мектептердің бірінде оқып жүргенде медициналық тексеру кезінде денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған.
Дегенмен, қыркүйек айында баланың мінез-құлқы өзгеріп, ауыра берген. Медициналық тексеруден соң қыз баланың жүкті екені анықталды. Зерттеу барысында сол отбасындағы 2008 жылғы жеткіншек те зорлыққа ұшырағаны белгілі болды. Қос бала толық емес жанұяда тәрбеленіп жатыр. Биыл отағасы көз жұмған. Ал сол кентте өгей әкесінің тоғызыншы сынып оқушысын зорлау фактісін сынып жетекшісі анықтаған. Қыз бала мұғаліміне болған оқиға туралы айтып берген. Жеткіншек бірнеше жыл бойы ер азаматтан зорлық-зомбылық көріп келген. Яғни, жасөспірімдерге қатысты үш дерек тіркелді, - дейді Самал Айтқазина.
Облыстық полиция департаменті ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзинаның айтуынша, лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Кейін тиісті шаралар қолға алынады.
Қазіргі уақытты облыста өз балаларын тәрбиелеу, оқыту бойынша тікелей міндеттерін орындамай жүрген ата-аналар жіті бақылауымызда. Бүгінде полиция органдарының есебінде 178 жанұя тұр. Жыл басынан бері 400-ден астам ата-ана жауапкершілікке тартылды, - дейді аға инспектор.
Жыл басынан бері балаларға зорлық көрсетуге қатысты 30 қылмыс тіркелген. Олардың 16-сын педагогтер анықтаған.