Павлодар облысы Баянауыл аудандық соты Павлодар облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бұрынғы екі қызметкеріне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сотталғандардың бірі департаменттің мемлекеттік қадағалау бөлімінің басшысы болса, екіншісі – бөлімнің бас маманы. Аталған тұлғалар 2016 жылы «Майқайыңалтын» кәсіпорнының жерасты шахтасын тексеру барысында жіберілген салғырттық үшін жауапты деп танылды.
Жауапты қызметкерлердің немқұрайлығы салдарынан 2024 жылы қаңтарда қайғылы оқиға болды.
Сот мемлекеттік қадағалау бөлімінің бұрынғы басшысын Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ал бас маманның бас бостандығы 2 жылға шектелді. Сондай-ақ бөлім басшысы болған азамат мемлекеттік қызметте және қаржылық ұйымдарда еңбек ету құқығынан өмір бойына айрылды. Екінші айыпталушыға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қадағалау және бақылау қызметіне байланысты лауазымдарды үш жыл бойына атқаруға тыйым салынды, – деді Баянауыл аудандық сотының судьясы Теңлік Қадырбекова.
Еске сала кетсек, былтыр 4 қаңтарда Майқайың алтын кенішінде адамдар отырған автобус жер астына түсіп кеткен. Апат салдарынан бірнеше адам қаза тапқан.