Майқайың кентінде су құбыры жарылды

21 Ақпан 2024, 12:00
450
Бөлісу:
Майқайың кентінде су құбыры жарылды
Фото: BAQ.KZ -архив

Екібастұз қаласынан Майқайың кентіне ауызсу жеткізетін құбыр жарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ақау 1020 миллиметрлік құбырдан табылған. 

Бұл – халықты ауызсумен қамтамасыз ететін инфрақұрылым. Мамандар таратқан ақпаратқа сәйкес, құбыр "Екібастұз су арнасы" кәсіпорынан тиесілі. Ол су арнасына қарасты екінші су көтергіш сорғысының 27 шақырымында орналасқан. 

Қазіргі уақытта оқиға орнында ақау себебін анықтау және сумен қамту жүйесін қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарына 30 маман және 10 арнайы техника жұмылдырылды. 

Бұл жұмысқа Майқайың алтын комбинаты мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері де тартылды. 

Соңғы ақпарат бойынша кент тұрғындары ауыз судан ажыратыған жоқ. 

Тіршілік нәрімен қамтамасыз ету төмендетілген қысымда жүргізіліп жатыр. Ақау жойылған соң ауызсумен қамту жүйесі толық іске қосылмақ.  Богатырь көмір АҚ-ын да сумен қамту төмендетілген параметрлер бойынша жүргізілген. Алайда, жөндеу жұмыстарына байланысты кәсіпорын тіршілік нәрінен ажыратылды. Бұл тұрғыда көмір қазу жұмыстарына кері әсерін тигізген жоқ, өндірістік үрдіс бұзылған жоқ. Себебі, көмір қазуға су қажет емес. Ал шаруашылық қажеттіліктер үшін су тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова. 

Бұл жүйелер 1996 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы күнге дейін тозығы жеткен. Жоспар бойынша құбырларға биыл реконструкция жүргізіледі. Бүгінгі күні конкурстық шаралар өткізіліп, мердігер ұйым анықталды. Жоспарлы жұмыс көктем-жаз кезеңінде басталады. Ақау бойынша жедел штаб құрылып, тиісті шараларды қолға алған. Айта кетейік Майқайың кентінде оны мыңға жуық халық тұрады. 

Өзгелердің жаңалығы