Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елге "Менің атым Қожа" фильміндегі Майқанованың рөлі арқылы танылған талантты актриса Раиса Мұхамедиярова өмірден өтті.
Раиса Мұхамедиярова 1939 жылы 11 шілдеде Семей облысы (қазіргі ШҚО - ред.) Көкпекті ауданында туған. Ол Кеңес одағы мен Қазақстан Республикасының кино және театр актрисасы.
Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген артисі (1990). "Құрмет" орденінің иегері.
Ол өз көрерменіне "Менің атым Қожа" балалар фильміндегі Майқанованың рөлін сомдау арқылы танымал болды.
Раиса Мәжитқызының әкесі - Мұхамедияров Мәжит Мұхамедиярұлы (1910-1996), Байланыс басқармасында пошта бастығы болып жұмыс істеген. Анасы - Мұхамедиярова Меңсулу Жақыпқызы (1918-1991), сатушы болып жұмыс істеген.
Раиса 1962 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің шетел тілдері факультетінің ағылшын бөлімін бітірген. Ағылшын тілінің мұғалімі. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін біледі.
1957-1958 жылдары - Қазақстан Компартиясы Сарыағаш аудандық комитетінде хатшы-машинист.
1960 жылдан - "Қазақфильм" киностудиясының актрисасы.
1994 жылдан - зейнеткерлік демалыста.
1995 - 2002 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актерлік құрамында болды.