7 мамыр - Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай Бекарыстан би ауылында өтіп жатқан “Ғасыр жасаған майдангер” атты жиынды аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ашып, көпшілікті қатар келген мерекемен және Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлды жүз жасқа толған мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Біздің аталарымыз елдігіміз үшін кеудесін от пен оққа тосып, ортақ Отанымыздың бостандығы мен тұтастығын қорғады. Сондықтан өскелең ұрпақ осындай майдангерлерді есінен бір сәт шығармауы тиіс.
Бүгінгі таңда ауданымызда екі соғыс ардагері бар. Олар - Қабақ Смағұл мен Тілеуберген Тобабергенов.
Міне, бүгін осы екі қаһарманның бірі - Қабақ Смағұл ақсақал 100 жасқа толып отыр. Өмірінен өнеге тараған, ұрпақ ұлағатына айналған майдангердің мерейтойы құтты болсын, - деді Мұхтар Әуесұлы.
Мұнан соң аудан басшысы тау тұлғалы ардагерді сахна төріне шақырып, Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауы мен арнайы сыйлығын тарту етті. Сондай-ақ, Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың, ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов пен Ақмарал Әлназарова және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаевтың құттықтауын жеткізді.
Мерекелік шараға арнайы келген Арал аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төреахметов сахнаға шығып, Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың құттықтауы мен сыйлығын берді.
Толассыз құттықтаулар мен жылы лебізден соң Мұхтар Әуесұлы ғасыр жасаған майдангерге “Қазалы ауданының құрметті азаматы” атағын табыстап, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты.