Маусым айында Қазақстанда баспана бағасы арзандады

10 Шілде 2023, 22:12
765
Бөлісу:
Маусым айында Қазақстанда баспана бағасы арзандады
Фото: Арман Мухатов

Қайталама тұрғын үй нарығындағы баға одан сайын төмендеп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Бірінші кредиттік бюроға сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, маусым айында жалпы республика бойынша тұрғын үй құны 0,5%-ға 486,9 мың теңгеге дейін төмендеген.

Қайталама үй нарығы биылғы ақпан айынан бері қымбаттаған жоқ. Қазір республика бойынша орташа шаршы метр жыл басындағыдан 2%-ға арзан.

Өткен жылмен салыстырғанда 1,9%-ға қымбат, бұл қазіргі инфляция қарқыны аясында жақсы көрсеткіш.

Атап айтқанда, маусым айында 6 ірі қалада (Көкшетау – 4,2%, Ақтау – 2,5%, Алматы – 1,2%, Өскемен, Қарағанды және Қостанай – 0,4%) екінші нарықтағы баспана бағасы төмендеді.

Ресми статистика Талдықорғанда ғана 1,1% баға өскенін тіркеген. Барлық басқа қалаларда маусым айында қайталама тұрғын үй бағасы өзгерген жоқ.

Жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандары 0,2%-ға ғана (жыл басынан бастап 1,7%) қымбаттаған.

Өсім 4 қалада байқалады: Семей – 2,8%, Шымкент – 2,1%, Талдықорған –1,4%, Ақтау – 0,5%.

Көкшетауда жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 3,1%-ға төмендеді. Басқа қалаларда өзгерген жоқ.

Республика бойынша бір шаршы метр алаң орта есеппен 486,9 мың теңгеге саудалануда.

Ал баспана жалдау құны маусым айында 0,5%-ға арзандады. Тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алу орта есеппен 4 633 теңге тұрады.

Сонымен бірге, жаңа тұрғын үй Алматыға қарағанда Астанада қымбатырақ (587,4 мың тг және 549,4 мың тг).

Қайталама нарық керісінше, елордада қолжетімдірек (601,7 мың тг және 614,2 мың тг).

Республикадағы 20 ірі қаланың 14-інде жаңа пәтерлер ескі пәтерден арзанға түседі.

Маусым айындағы арзандаудан кейін Көкшетау Қазақстанның ең арзан қалаларының біріне айналды. Мұндағы қайталама нарықтағы шаршы метр алаң құны – 296,7 мың теңге.

Қайталама тұрғын үйдің өтелуі (сатып алу құнының жалдау құнына қатынасы) Қазақстан бойынша орташа есеппен 109 айды құрайды, бұл 9 жылдан сәл асады.

Семей (184 ай немесе 15,3 жыл) және Талдықорған (178 ай немесе 14,9 жыл) қалаларында ең «ұзақ» көрсеткіштер тіркелді.

Алматыда бұл көрсеткіш 114 айды (9,5 жыл), Астанада – 135 айды (11,3 жыл) құрайды.

Өзгелердің жаңалығы