Мәулен Әшімбаев: жаңа Конституция отбасы институтын нығайтады

Парламент Сенатында Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

 Сенат/Н.Байбулин Бүгiн 2026, 15:09
Бүгiн 2026, 15:09
75
Фото: Сенат/Н.Байбулин

Парламент Сенатында Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Онда Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев әріптестерін құттықтап, оларға Қазақстанның өсіп-өркендеуіне қосқан жасампаз үлесі және жоғары кәсіби біліктілігі үшін берілген мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде тапсырды.

Салтанатты рәсім барысында Мәулен Әшімбаев әйелдердің мемлекеттілікті нығайтуға және елдің дамуына қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда әйелдердің рөлі отбасымен ғана шектелмейтінін, олар елдегі қоғамдық-саяси үдерістердің маңызды қозғаушы күшіне айналғанын айтты.

Сенат Төрағасы мұндай сапалы өзгерістер Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар мен жүйелі қолдаудың нақты нәтижесі екенін де тілге тиек етті.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдарда елімізде ауқымды жаңғыртулар жүзеге асырылып келеді. Сол өзгерістердің дәйекті жалғасы ретінде конституциялық реформа қолға алынды. Бұл шешім еліміз үшін тарихи қадам болды. Конституциялық реформаның стратегиялық мақсаты – Әділетті, демократиялық, әлеуметтік, инновациялық және прогрессивті Қазақстан құру. Осы ретте отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды қорғап, дәріптеуге, аға буынға қамқорлық көрсетуге бағытталған жаңа конституциялық нормалардың маңызы айрықша зор. Жаңа Конституция жобасы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, олардың қоғамдық, кәсіби және саяси өмірге белсенді қатысуына жол ашу, сондай-ақ, өз әлеуетін жан-жақты жүзеге асыруына жағдай жасау тұрғысынан да ерекше мәнге ие, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол мереке қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечинаға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілгенін, ал, сенатор Айнұр Арғынбекова «Құрмет» орденімен марапатталғанын атап өтті.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін сенатор Әсем Рахметова мен Сенат Аппаратының бөлім меңгерушісі Айгүл Биболова да «Құрмет» орденімен наградталды. Сондай-ақ бірқатар Аппарат қызметкеріне «Ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді. Олардың қатарында Елена Бердникович, Баян Олжабаева, Гүлсім Искакова және Перизат Сапарбекова бар.

Мәулен Әшімбаев марапат иелерін құттықтай келе, мемлекеттік наградалар Қазақстанның дамуына әйелдердің қосқан айрықша үлесінің жарқын көрінісі екенін атап өтті. Ол депутаттардың кәсіби біліктілігі мен Сенат Аппараты қызметкерлерінің жүйелі әрі жауапты жұмысының арқасында Палатаның қызметі тұрақты әрі тиімді жүргізіліп отырғанын айтты. Палата Төрағасы әріптестеріне өз ісіне адалдықтың озық үлгісін көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдіріп, оларға зор денсаулық, бақ-береке және жаңа жеңістер мен жетістіктер тіледі.

Наверх