Мәулен Әшімбаев Сингапур парламентінің спикерімен кездесті

30 Сәуір 2024, 15:01
402
Бөлісу:
Мәулен Әшімбаев Сингапур парламентінің спикерімен кездесті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Сингапур парламентінің спикері Сеа Киань Пэнмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сұхбат барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және парламентаралық байланысты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев мейманға ілтипат білдіріп, Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы маңызды серіктесі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде Қазақстан мен Сингапур арасында белсенді саяси диалог, берік экономикалық және мәдени байланыстар жолға қойылып, түрлі салада берік құқықтық негіз қалыптасқанын айтты.

Біз өзара парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Сингапур Парламентімен тәжірибе алмасуға мүдделіміз. Парламентаралық достық топтарының әлеуетін жан-жақты әрі тиімді пайдаланудың маңызы зор. Қазақстан Сингапурмен сауда-экономикалық байланысты арттыруға да мүдделі. Осыған орай Парламент қажетті құқықтық негіз қалыптастыру үшін белсенді жұмыс істеп келеді. Биыл Сенат Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялады. Екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуда Парламенттің атқаратын рөлі зор, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру мәселелерін талқылау барысында Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан кешенді әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларға да тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстанның жаңа экономикалық үлгісін қалыптастыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға арналған шаралар сөз болды.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Сенаттың заң шығару жұмыстары, қабылданған Тұжырымдамаға сәйкес Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының алдағы он жылға арналған жұмыс жоспары жайында айтып өтті. Бұл ретте ол рухани дипломатияны дамыту жолында бірлескен жұмыстың маңызды екенін де тілге тиек етті.

Өз кезегінде Сеа Киань Пэн Қазақстанда түрлі салада жүргізіліп жатқан кешенді реформалардың нәтижелерін жоғары бағалап, парламентаралық байланысты нығайтуға дайын екендіктерін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы