Сенат отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыруға қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік кодектегі негізгі бағыттардың бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау. Кодексте көптеген норма бар. Құжатта жәрдемақыны көтеру, басқа да атаулы әлеуметтік көмекті арттыруға қатысты нормалар бар. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тағы екі бағыт бойынша қолдау көрсету маңызды деп есептейміз. Бірінші бағыт, жұмыс еткісі келетін мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа тұрғызуға көмектесуіміз керек. Егер мүмкіндік болып жатса, бұл олардың өз-өздерін қамтамасыз етіп, адамдармен араласып, ортаға бейімделуі үшін жұмысқа орналасуы маңызды, - дейді спикер.
Әшімбаев осы бастама бойынша Еңбек кодексіне, басқа да заңдарға тиісті өзгерістерді енгізу мәселесін қарастыру керегін айтты.
Қазіргі таңда жұмыс берушілердің көбі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды алуға онша құштар емес екенін ашық айтуымыз керек. Былтыр Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданды. Оның негізгі мақсаттарының бірі - мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру. Алайда бүгін бұл әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңның осы бағытта тиісті деңгейде жұмыс істемей жатқанын көріп отырмыз, - деп түсіндірді Сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаев осы бағыттағы мәселелерді ақылдасып шешу керек екенін сөз етті.
Екінші бағыт, шығармашылықпен айналысқысы келетін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да аз емес екенін көріп отырмыз. Оларды қолдау да мақсатқа сай. Осындай мүгедектігі бар адамдарға шығармашылықпен айналысуға мүмкіндіктер жасап беруіміз керек, - деп айтты ол.
Бүгін Сенат отырысында Әлеуметтік кодекс жобасы және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда қаралған болатын.