Мәулен Әшімбаев Иран Президентін ұлықтау рәсіміне қатысты

Бүгiн, 11:18
105
Бөлісу:
Мәулен Әшімбаев Иран Президентін ұлықтау рәсіміне қатысты
Фото: parlam.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Иран Президенті Масуд Пезешкианды ұлықтау рәсіміне қатысты. Сондай-ақ Палата спикері Ислам кеңесі мәжілісінің төрағасымен және Ислам мәдениеті және байланыстары ұйымының басшысымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Екіжақты кездесулер барысында тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынасты арттыру және парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Иран Ислам Республикасының жаңадан сайланған Президенті Масуд Пезешкианды сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Сонымен қатар ол Қазақстан екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса мән беріп отырғанын атап өтті.

Сізге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауы мен жылы лебізін жеткізуге рұқсат етіңіз. Мемлекет басшысы біздің елдеріміз арасындағы екіжақты саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Иран – Каспий өңіріндегі көршіміз, сондай-ақ, Таяу және Орталық Шығыстағы маңызды сауда серіктестеріміздің бірі. Сондықтан Иранмен қарым-қатынасты нығайту біздің сыртқы саясатымыздағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл ретте Қазақстан Парламенті өз тарапынан елдеріміз арасындағы байланысты жан-жақты нығайтуға ықпал етеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Иран тарапына аталған елдің делегациясы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді.

Ислам кеңесі мәжілісінің төрағасы Мохаммад Багер Галибафпен кездесуде Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Иран Парламенттерінің ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективасына тоқталды. Палата төрағасы заң шығару саласындағы өзара байланыстың негізгі бағыттарын атап өтті.

Қазақстан Парламенті Иранның Ислам кеңесі мәжілісімен өзара байланысты арттыруға мүдделі. Біздің Парламенттерімізде жұмыс істеп келе жатқан достық топтары парламентаралық ынтымақтастықтың берік негізін құрайды. Бұл бағытта өзара байланысты практикалық мазмұнға басымдық бере отырып, қалыптастырған маңызды. Сондай-ақ екі ел үшін өзекті мәселелерді оң шешуге ықпал ету және заң шығару ісінде тәжірибе алмасу да айрықша мәнге ие, – деді М.Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы