Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Халық Кеңесінің өкілеттіктерін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл – елдің стратегиялық даму мәселелерін талқылап, Мемлекет басшысына да, парламент депутаттарына да ұсыныстар әзірлейтін институт. Әртүрлі әлеуметтік және этностық топтардың, сарапшылардың пікірін ашық білдіруіне мүмкіндік беретін алаң. Осындай талқылаулардың негізінде белгілі бір мәселелер бойынша ортақ, келісілген ұстаным қалыптасады. Қалыптасу тәртібі мен атқаратын қызметі жағынан Халық Кеңесі Сенаттың көшірмесі емес, – деді Сенат төрағасы.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасына сәйкес, Халық Кеңесі азаматтар мен олардың мүддесіне қатысты мәселелер бойынша жекелеген заңнамалық бастамалар мен ұсыныстар әзірлей алады.
Сонымен қатар ол бұл институттың заң қабылдау, мақұлдау немесе заңнамаға өзгерістер енгізу өкілеттігі болмайтынын атап өтті, өйткені ол заң шығарушы орган емес. Сондықтан, оның сөзінше, Халық Кеңесі мен парламенттік құрылымдардың атқаратын қызметі әртүрлі, оларды араластыруға болмайды.
Еске салайық, бұған дейін Мәулен Әшімбаев кадр мәселесі референдумнан кейін шешілетінін айтқан болатын.