Мәслихат пен әкімдік таразының екі басы сияқты болуы керек — Бахадыр Нарымбетов

17 Наурыз 2022, 16:28
2773
Бөлісу:
Мәслихат пен әкімдік таразының екі басы сияқты болуы керек — Бахадыр Нарымбетов

Шымкент, BAQ. KZ тілшісі. Президент Қазақстан халқына жолдауында жергілікті мәслихат функцияларын кеңейту, деңгейін көтеруге баса мән берді. Мәслихат әкімдікті қадағалап, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, бюджет қаржысын халықтың мұқтажын орындауға, сол мәселелерді шешуге бағыттауға ақылдасып отырады. Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурыздағы Жолдауында айтылған партияларды тіркеу, депутаттар корпусын жасақтау, мәслихат деңгейін көтеру, партиялық мәселе, жаңа облыстар жөнінде пікір білдірді. 

Жолдау өте маңызды әрі әсерлі болды. Бұл жолдауды бүкіл қазақстандық күтті. Жылда президент жолдауын күтетінбіз, бірақ Қаңтар қасіретінен кейін бұл жолдаудың мәні де мағынасы да ерекше. Себебі халықта сұрақ көп, үміт те көп. Қаншалықты реформалар жасалып, қадам қалай болады деген сияқты көптеген сұрақтар болған. Сондықтан жолдау рухани жағынан да көпшілік көңілінен шықты. Саяси реформалар тұрғысынан шын мәнінде өте үлкен қадам жасалды. Мысалы, партияларды тіркеу бойынша айталық. Тіркеу шегін 20 мың адамнан 5 мың адамға дейін, ал аймақтағы бөлімшелерің ең аз саны 600 адамнан 200 адамға дейін түсіріп отыр. Бастамашыл топты да 1000 адамнан 700 адамға түсірудің барлығы да партиялар санын көбейтеді. Меніңше, егер партия саны көбейсе, саннан сапа шығады. Бұл — өмір заңдылығы. Бәсеке болады, - дейді Б. Нарымбетов. 

Оның сөзінше, президенттің бұл қадамы саяси аренадағы әділ әрі ашық бәсекеге жол ашады

"Ақ жол" партиясы болсын, “Ауыл” партиясы болсын, AMANAT партиясы болсын, халықпен жұмыс істеу тәсілімен халық сеніміне ие болу арқылы ертеңгі күні сайлауда нәтижесін толыққанды бақылауға болады. Әлі түрлі бағыттағы партиялар ашылуы әбден мүмкін. Мысалы, шетелдегідей “Табиғатты қорғайық, жануарларды қорғайық” деген Жасыл партиясы ашылуы мүмкін. Немесе тек бір бағытта, мәселен, жастар мәселесін алға тартатын, рухани мәселені басты назарда ұстанатын партиялар пайда болуы мүмкін. Бірақ негізгі партиялардың барлығы Қазақстанның саяси-экономикалық даму бағытын, қарқынын көрсететін мәселелер болады. Сондықтан партияның көп болғаны жақсы, ішінен мықтысы іріктеледі, халықтың таңдау мүмкіндігі артады».

Бахадыр Нарымбетовтың сөзінше, депутаттар корпусын пропорционалды-мажоритарлы үлгіде жасақтау — көптен бері айтылып жүрген мәселе. 

Ал депутаттар корпусына келетін болсақ, президент айтқандай, Мәжілісте болсын, мәслихатта болсын, пропорционалды-мажоритарлы үлгіде өтеді. Мәжіліс депутаттарының 70%-ы пропорционал үлгіде, яғни саяси партия тізімімен өтетін болса, 30%-ы мажоритар тәсілмен немесе округінен дауыс жинап шығатын депутаттар болмақ. Бұл - көптен бері айтылып жүрген мәселе.

Біздің азаматтардың конституциялық сайлауға және сайлануға құқығы бар деген конституциялық нормасын орнына келтіреді. Бұл өте дұрыс шешім болды. Кез келген азамат ешқандай партия мүшесі болмаса да өзін мәжіліске де, мәслихатқа да ұсынуға мүмкіндігі бар деген сөз. Бұл бізде Конституцияда жазылған норманы іс жүзінде қалпына келтіру, — дейді ол.

Айтуынша, партиялық жүйенің тиімді жақтары көп болғанымен, бір кемшілігі болған. 

«Партиялық жүйенің тиімді жағы көп. Тек бір минусы бар болатын. Бұл “жаңағы депутат боламын” деген азамат міндетті түрде бір партияға кіруі керек еді. Енді сондай міндет болмайды. Сондықтан мұны өте дұрыс қадам, деп санаймын. Кез келген ортада, кез келген қоғамда халықтың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін жақсы білетін оларды ортақ мүддеге жұмылдыра алатын азаматтар партия ашып, соны алға тартып, соңынан адам ертетін болса, көзқарас тоқтығысынан әділдік шығады. Партия саны мәжілісте де, мәслихатта да көп болатын болса, бұдан қорқып қажеті жоқ. Әркім өзінің пікірін айтады. Бірақ елдің, қаланың, елді мекеннің дамуы басты мәселе болған соң бәрі ортақ пікрге келеді. Бұл бүкіл әлемде дәлелденген практика. Сондықтан бұл бағытта нақты қадамдар болады».

Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы мәслихат деңгейін көтерудің майыздылығына тоқталды. 

Жолдауда мәслихат функцияларын, оның деңгейін көтеру бойынша мәселелер арнайы айтылды. Конституция бойынша мәслихат пен әкімдік бір-бірін толықтырып, бір-біріне қолдау көрсететін, бір-бірінің тізгінін тартып тұратын және таразының екі басы сияқты болу керек. Мәслихат әкімдікті қадағалап, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп және бюджет қаржысын халықтың мұқтажын орындауға, сол мәселелерді шешуге бағыттауға ақылдасып отырады. Бұл дегеніңіз — мәслихат деңгейін, құқығын көтеру. Олардың бір-біріне ешқандай тәуелділігі болмау керек. Мәслихат сайлаушылардың мүддесін орындау бойынша жергілікті әкімдік жұмысын қадағалап, әрі көмектесіп, әрі бірге ақылдасып отырып жұмыс істейтін орган болу керек, — деді Б. Нарымбетов.

Яғни әкімдік те, мәслихат та өз жұмысын істеуі керек екен.

«Әкімдік пен мәслихаттың мақсаты бір. Бірақ бұл жерде олар бір-біріне тәуелсіз және жұмыс қалай атқаралып жатқанын, сапасы қандай, қаржы дұрыс бағытта бөлінді ма, қаржы қалай жұмсалып жатыр дегенде мәслихат өз жұмысын істеу керек. Ал әкімдік президенттің, үкіметтің тапсырмасын орындайды. Президент мәслихаттың соны қадағалап, бірге жұмыс істеуін меңзеп отыр. Мәслихаттарда әкімді тағайындаған кезде бір ғана кандидатура емес, кемінде 2-3 кандидат ұсыну да мәслихаттардың деңгейін жоғары қоюдың белгілі себебі. Қазіргі заңның өзінде әкімдір жыл сайын атқарылған жұмыс бойынша мәслихат депутаттары алдында есеп береді». 

Мәслихат хатшысы әкімдер партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салынуын нағыз демократиялық реформалардың нақты қадамына балады. 

Енді партиялық мәселені де айтып өту керек. Кез келген жердің әкімі сол жергілікті партия филиалының төрағасы болып келді. Яғни бюроның басшысы. Біз бұрынғы Nur Otan, қазіргі AMANAT партиясынан сайландық. Заң бойынша ертең әкімдік жұмысына сын айтатын болсам, әкім партиялық жағынан кез келген уақытта партиялық тәртіп жағынан шараға тартуға толыққанды мүмкіндігі бар. Бұл жерде тәуелсіз мәслихат деген жоқ. Ал енді әкімдер партия төрағалығынан кететін болса, бұл әкімге де, мәслихатқа да дұрыс болады.

Әкімнің жұмысы онсыз да көп. Енді оған партия жағынан жүктеме азаяды. Екінші жағынан, әкім ешқандай партия мүшесі болмайды. Енді заң бойынша әкімдердің партиядағы мүшелігін уақытша тоқтататын шығар. Әкімге өзінің партиясы, өзінің партиясының бағдарламасын ғана ұсынып, сонымен қысым жасамау керек. Партиялар да аудандық, облыстық және орталық аппараттары болып бөлінеді. Сол жақта қысым болмау үшін бұл өте дұрыс шешім. Бұл да бір нағыз демократиялық реформалардың нақты қадамы, - дейді Б. Нарымбетов. 

Ол ірі облыстарды екіге бөлудің пайдалы екенін Түркістан мен Шымкент облыстарының қазіргі дамуынан байқауға болатынын айтты. 

«Ал жаңадан 3 облыстың құрылатыны халық көкейінде көптен бері айтылып жүрген мәселе. Қажет екені көптен бері айтылып жүрді. Бұрын облыс болып кейін, облыстық деңгейден айырылып қалған аймақтардың дамуын Семейден, Торғайдан, тіпті мына тұрған Алматы облысынан байқауға болады. Шымкент пен Түркістан бөлінген соң, бюджет көбейіп, Түркістан мен Шымкенттің де даму үрдісі мықты болды. Балаға еншісін берген соң, әр бала арбасын сүйреп алға ұмтылады. Сол сияқты кейбір үлкен облыстарды бірге ұстағаннан гөрі олардың болашағы үшін ықшам болғаны жақсы. Сонда бағыты дұрыс болады. Назардан тыс қалған елдімекендер деген болмайды». 

Айтуынша, кешегі жолдаудан кейін халықтың сұранысына сай өзгерістер болады. 

Енді Конституцияның біраз бабына өзгеріс енгізіп, ондаған заң қабылданбақ. Бұған біраз уақыт керек. Өмір деген ағып жатқан өзен ғой. Бір жерде қатып қалуға болмайды. Бұған дейін халықтың мұң-мұқтажын, қоғамдағы пікірді талқыға салып отыратын Ұлттық кеңес болатын. Тиімділігін, қажет екенін көрсетті. Дегенмен Ұлттық кеңес бойынша да халық арасында пікір көп еді. Көптеген сала, бағыттар мен зиялылар, Қазақстанның аумақтары қамтылмаған деген сындар айтылған. Енді мұның барлығын ескеріп, халықтың ортақ пікірін, мұң-мұқтажын Ұлттық құрылтай атқаратын болады. Бұл шын мәнінде ел ішіндегі мәселені дер кезінде талқыға салып, оның дұрыс-бұрыс, толықтыру жағын қарап отыратын орган болатынына сенімдімін, - деді Нарымбетов.

 

Өзгелердің жаңалығы