Украина президенті Владимир Зеленский Ресейді соғысты тоқтатуға мәжбүрлеу керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол Еуропа мен АҚШ-ты Мәскеуге қысымды күшейтуге шақырып, бейбітшілікке ешқандай шартсыз қол жеткізу керектігін айтты.
Зеленскийдің сөзінше, 11 наурызда АҚШ Ресейге 30 күнге атысты толық тоқтату туралы ұсыныс жасаған. Осы уақыт ішінде тараптар соғысты тоқтатудың нақты жолдарын талқылай алатын еді. Бірақ Ресей бұған келісудің орнына түрлі сылтаулар айтып, жалған ақпарат таратып жатыр.
Украина басшысы соғысты тоқтату үшін Мәскеуге қысымды арттыру керектігін атап өтті. Оның ойынша, тек санкцияларды сақтап қалу жеткіліксіз – оларды үнемі күшейту қажет.
Сондай-ақ, Зеленский Украина жеріне халықаралық қауіпсіздік контингентін орналастыруды қолдайтынын айтты. Ол бұл елдің қауіпсіздігін нығайтып, Ресейдің одан әрі шабуыл жасауына жол бермейтінін жеткізді.
Зеленский әлем елдерін, әсіресе АҚШ пен президент Трампты Украинаға көмектесуге шақырды. Оның пікірінше, Мәскеу тек күшті түсінеді, сондықтан оны бейбіт келісімге келуге мәжбүрлеу үшін қатаң санкциялар мен халықаралық қысым қажет.