Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Маска коронавирустан қорғамайды. Бұл туралы «Желмая» жобасында жоғары санатты дәрігер Раушан Құлжабаева айтты.
Стандарт маскалар коронавирус инфекциясынан қорғамайды. Қорғайтын арнайы маска бар ол №95 арнайы маска. Ол сыртқы ортада вирустың жұқпауына кедергі жасайды. Оның арнайы фильтр өзекшесі болады. Тыныс алғанда ол ауаны тазалап отырады. Ал қарапайым маскаларды түшкірген немесе жөтелген кезде адамның ағзасында вирус болған жағдайда оның түйіршіктері сыртқа шашылмай, маскада қалу үшін тағады, - деді ол.
Құлжабаеваның айтуынша, сау адам маска таққанымен сыртқы ортадан жұқтырады немесе жұқтырмайды деген мәлімет жоқ.
Ауырған адам қарапайым маска тағуы керек. Ал вирустан қорғану үшін арнайы №95 масканы тағу керек. Масканы тағудың ережелері бар. Кез келген бетпердені 3 сағат сайын ауыстырып отыру керек. Осы уақыт өткен соң ол өзінің қорғаныштық күшін жояды. Ал оны 3 сағат сайын ауыстырып отыру қаражат жағынан да қиын. Күніне 5-6 маска тағылса, аптасына әжептеуір шығын болады. Сондықтан көп азамат оны қиынсынып, бір масканы бір апта тағып жүреді, - деді ол.
Сондай-ақ оның айтуынша, азаматтардың көбі масканы айыппұл төлемеу үшін немесе ғимараттарға кіру үшін ғана тағады.
Олар өзін сақтау мақсатында тақпайды. Қолдан жасалған маскалардың қорғаныш қасиеті қалыңдығына байланысты болады. Мата маскаларды кем дегенде 2 сағат сайын ауыстыру керек. Оны жуған кезде де үтіктеп, залалсыздандыру керек, - деді Құлжабаева.
Ол атағандай, жіті респираторлық вирустар балалар арасында жиі кездеседі.
Тұмау балалардан тез тарайды. Бір-біріне тез жұғады. Ал коронавирус балаларға көп жұға бермейді. Жұққан күнде де жеңіл түрде өтеді. Респираторлық вирустарда симптомсыз деген болмайды. Сондықтан тұмауға қарсы екпе салынады, - деді ол.