Илон Маск тағы да наразылық білдірушілерге технологиялық қолдау көрсетті. Иранда жаппай толқулар күшейіп, интернет толықтай өшірілген тұста америкалық миллиардер SpaceX компаниясы арқылы ел аумағында Starlink спутниктік интернетіне тегін қолжетімділікті іске қосты. Бұл туралы BAQ.KZ BILD басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Иран билігі наразылықтарды басу және ақпарат таралуын шектеу мақсатында интернетті, ұялы байланысты және әлеуметтік желілерге қолжетімділікті толық тоқтатты. Ал Starlink мемлекеттік инфрақұрылымға тәуелсіз, тікелей спутник арқылы жұмыс істейтіндіктен, кез келген бұғаттауды айналып өтуге мүмкіндік береді.
Иранда Starlink терминалдарын пайдалануға ресми түрде тыйым салынғанымен, олар елге жаппай контрабандалық жолмен әкелінуде. Бұған дейін елде шамамен 20 мыңға жуық құрылғы болғаны айтылса, Holistic Resilience ұйымының басшысы Ахмад Ахмадианның соңғы деректеріне сәйкес, қазір олардың саны 50 мыңнан асқан. Иран билігі сигналды бұғаттауға тырысқанымен, оны толықтай өшіру мүмкін болмай отыр.
Starlink-тің осындай дағдарыс жағдайларындағы рөлі бұған дейін де байқалған. Мәселен, Украинада толыққанды соғыс басталған кезде, ресейлік соққылар дәстүрлі байланыс арналарын істен шығарған сәтте бұл сервис аса маңызды байланыс құралына айналды.
Қазір Starlink Иран азаматтары үшін негізгі технологиялық құралдардың біріне айналып, қатаң интернет-оқшаулау жағдайында да ақпарат алуға және сыртқы әлеммен байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр.