Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмірханов айтты.
ҰҚК төрағасының орынбасарынан Мәжіліс кулуарында журналистер Кәрім Мәсімовті қамау мерзімі қашанға дейін ұзартылатынын сұрады.
Меніңше, күзге таман нақты белгілі болады, - деді Әмірханов.
Әмірханов Кәрім Мәсімовтің қаңтар оқиғасы кезінде жұмысқа келгенін айтты. Бірақ ҰҚК бұрынғы төрағасының қандай бұйрық бергеніне жауап бермеді.
Менің білуімше, істің материалдары жариялауға жатпайды. Олар құпия. Сот органдары сотты ашық немесе жабық өткізілуін шешеді, - деді ол.
ҰҚК төрағасының орынбасары Самат Әбіш те тергеу орбитасында екенін айтқан еді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке 2 миллион АҚШ доллары сомасында пара алды деген айып тағылып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық міндеттерін асыра пайдалану күдігі бойынша Кәрім Мәсімов пен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда, - деп хабарлаған еді наурызда ҰҚК баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Мәсімов премьер-министр лауазымында болғанда бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 миллиард теңге тұратын элиталық тұрғын үй мен жер телімін алды деген күдікке ілінген, қазір тергеу жүргізілуде.