Машинист болу бар баланың арманы еді...

6 Тамыз 2022, 13:35
1594
Бөлісу:
Машинист болу бар баланың арманы еді...

Орынбор-Ташкент магистралі кесіп өткен қазақ даласына алғашқы отарбаның келгеніне де жүз жиырма жыл өтіпті. Өткен ғасырдың басында шойынжол тартылған бұл өлкеге теміржолшы кәсібі де ерте сіңісті. Күрежолдың бойында жатқан үлкен тораптық станция Арыс – ел аузында теміржолшылар қаласы аталып кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Арыстың теміржолшылар қаласы атануының пәлендей сыры жоқ. Өткен ғасырда-ақ жаппай теміржолшы мамандығын игере бастаған жергілікті халық оны ата кәсібіне айналдырды. Бүгінде бір әулеттің өзінде бірнеше буын алмасып үлгерген даңқты теміржолшылар династиясы да осы Арыстан шықты. Күні бүгінге дейін екінің бірі теміржолшы болып күнелтіп отырған Арыста бұл кәсіп кешегі кеңес заманындағы қадірі мен құрметін жоғалтқан жоқ. Өйткені бүгінгі теміржолшылар – кешегі қиын-қыстау заманда теміржол бойынан нан тауып, әулетін асыраған аға буынның ұрпағы. Ал ашта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейтінін қазақ баяғыдан мойындаған.  

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Талғат Омаров осы Арыс қаласында туып-өскен.  Жоғары санатты, білікті машинист. 1987 жылы әскерден келген соң жергілікті локомотив депосына слесарь болып жұмысқа тұрған бозбаланың арманы «темір тұлпардың құлағында ойнайтын» машинист болу еді. Слесарь болып жүріп локомотивтің бүкіл «ішек-қарнын» ақтарып, жөндеу-дәнекерлеу жұмыстарын түгел меңгерген соң ғана оны көмекшісінің 6 айлық курсына жібереді. «Курсты бітіріп келген соң машинист көмекшісі болып алғаш сапарға шыққандағы қуанышым мен мақтанышымды көрсеңіз. Ол кезде басқа жерді қайдам, біздің Арыста машинист болуды армандамайтын бала болмайтын. Көзімізді ашып көргеніміз теміржол, айналамыз түгел теміржолшылар болғасын, біздің де осы кәсіпті жағалайтынымыз туғаннан маңдаймызға жазылып қойған тағдыр болса керек. Әкелеріміз бен ағаларымыздың түймелері жарқ-жұрқ еткен машинист формасы мен фуражкасына қатты қызығып, киіп көруге таласатынбыз», – деп күледі кейіпкеріміз.

 1990 жылға дейін тепловоз машинисінің көмекшісі болып еңбек еткен Талғат Әбсәметұлы біліктілігін арттырып, электровоз машинисі болып, темір тұлпардың оң қанатына отырып, бала күнгі арманына қол жеткізеді. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Осы аралықта шеберлігін жетілдірген кейіпкеріміз екі рет біліктілік курсынан өтіп, 3-ші және 2-ші класты машинист дәрежесін алады. Бұл – кәсібилікті анықтайтын өлшем.     

Жаратылысынан биязы мінезді, жаны жайсаң азамат одан биікке ұмтылған да емес. Талай жыл темір тұлпарын тізгіндеп, жүздеген жолаушы отырған пойызды діттеген жеріне аман-есен жеткізіп, мыңдаған жолаушының батасын алды. Қазақта «жолаушының тілегі қабыл болады» деген жақсы бір тәмсіл бар. Егер осы сөздің астарына үңілсек, Талғат Әбсәметұлы – жоғарыда айтқан жолаушылардың тілегімен көсегесі көгерген жан. Жары Гүлмирамен бірге 4 ұл, 5 қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай мәпелеп өсіріп, бүгінде бір қора немереге ата-әже атанып отыр. 

«Бұдан да жаман күнімде тойға барғам» дейді қазақ, сол айтпақшы,  шүкір, кешегі 90-жылдардағы тоқырауда да өлген жоқпыз, айлап жалақы алмасақ та сүйікті кәсібімізді тастап кетпедік, өйтіп-бүйтіп күнелттік. Бірте-бірте жағдай түзелді, айлық жылдан-жылға өсіп жатыр. Қымбатшылық та халықты қысып барады, әрине, сонда да басқа салаға қарағанда теміржолшылардың жағдайы тәуір дей алам. Біз машинистер жақсы жалақы аламыз, оның несін жасырамыз, теміржолдың жеңілдіктері, демалам десең санаторий-профилакторийге барасың, балаларымның бәрі жазғы лагерьде өсті. Құдайға шүкір, жағдайымыз жаман емес, тек денсаулығыңды күт те, жұмыс істе» дейді кейіпкеріміз. 

Талғат Омаров еңбек жолының соңғы 13 жылында Арыс станциясында  маневрлік локомотив машинисі болып жұмыс істеп келеді. 2015 жылы Ұлттық компания басшысының қолынан «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Алдағы теміржолшылардың төл мерекесіне орай елордаға арнайы  шақырту алу құрметіне ие болып отыр. Мәртебелі  машинисті тағы бір марапат күтіп тұрса керек...    

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ

Өзгелердің жаңалығы