Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Машина жасау саласы дамыған елдердің экономикасы да ілгері басады. Қазақстанда бұл саланың бүгінгі аяқ-алысы қалай? Осы сұраққа BAQ.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.
Неміс, жапон, кореялықтардың тәжірибесін қолдану қажет
Еліміздің машина жасау саласында жеткен жетісіктер мен кеткен кемшіліктер де баршылық. Бұл салада алға ілгерушілік болса, ел экономикасының дамуына оң ықпалын тигізері анық. Әйтпесе, қашанғы мұнай мен газға телміріп, шикізаттан түсетін табысты күтіп отыра бермекпіз.
Жапон мен немістің, одан қалса орыс пен кәрістің көлігін мініп мәз болып жүргеніміз жасырын емес.
«Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаевтың айтуынша,
немістер мен жапондар және корейлер машина жасау саласының үлесін ЖІӨ-нің 40%-на жеткізген. Бізге де осындай көрсеткішке ұмтылу керек. Мәселе де осы жерде де қылтиятын секілді.
Бұл елдерде салалық машина жасау қауымдастықтары жұмыс істейді. Мысалы, Германияның машина жасаушылар одағы – VDMA (Verband Deutscher Maschinen und Anlagenbau e.V)бұл Еуропадағы ең ірі өндірістік бірлестіктердің бірі. Бұл одақ 3 мыңнан астам қатысушыны қамтиды. Аталмыш ұйым – инвестициялық тауарларды шығаруға бағытталған орта бизнес пен экономика және ғылыми қоғамдастық өкілдерінің мүдделерін тоғыстыратын байланыс құралы ретінде әрекет етеді. Шет елдердегі салалық қауымдастықтардың мүдделері бизнесті алға жылжыту мәселелерімен ғана шектелмейтіндігін атап өткім келеді: бұл ғылым, білім, ынтымақтастық және әлеуметтік жауапкершілік. Яғни кешенді шешім,– дейді Мейрам Пішембаев.
Кеңес одағы және бүгін күндегі айырмашылық
Кеңес одағы тұсында Қазақстанда машина жасау саласы жеңіл, тамақ өнеркәсібіндегі өндірістің жалпы көлемінің 16% -ын қамтыған. Оған тау-кен металлургиясы кешенінде, мұнай-газ секторында шикізат өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, халық шаруашылығының, мысалы, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениеттен басқасының барлығы дерлік кірді.
Бұл жақсы көрсеткіш екендігін атап өту керек. Бүгінгі таңда осындай көрсеткіш өнеркәсіптік өндіріс көлемінің бар-жоғы 2%-ын әзер құрайды. Әрине, өндіруші сектордың өнімдерін өңдеуде өсу факторы бар.Бірақ … машина жасау саласы құлдыраған және өсу үшін елеулі үрдістерді әзірге көріп отырғаным жоқ, – дейді Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма мүшесі Павел Беклемишев petrocouncil.kz сайтына берген сұхбатында.
2000 жылдан бастап еңсесін тіктеп келеді
Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында қай салада болмасын абдырап қалғанымыз жасырын емес. Оның ішінде осы машина жасау да бар. Әйтеуір 2000 жылдардан бастап бұл сала жандана бастады. 2005 жылы аталмыш саланың жылдық көрсеткіші 20%-ға жетті. 2008 жылы еліміздің машина жасаушылары 300 млрд теңге табыс тапты.
Ал 2010 жылдан бастап машина жасау саласы үздіксіз өсім көрсете бастады.
Бірінші кезекте мемлекеттік қолдаудың арқасында деп білемін. Ең маңызды шаралардың бірі 2010 жылы еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу болды. Бұл біздің өнеркәсіпті, соның ішінде машина жасауды дамытудың іргетасына және әлеуетіне айналды. Бүгінде мемлекет ҮИИД МБ-2 қабылдады. Біз үшінші индустриялық бағдарламаны іске асыруға кірістік,– дейді Мейрам Пішембаев.
Оның айтуынша, машина жасауды дамытудың жол картасы, кәсіпорындарды жаңғыртудың жол картасы тағы бар. Осындай бағдарламалар есебінен жұмыс істеп тұрған көптеген кәсіпорындар жаңғыртылды және олардың бүгінде бәсекеге қабілетті өнім шығаруға және экспортқа жұмыс істеуге мүмкіндігі туындап отыр. Сондықтан Қазақстанның машина жасаушыларына бәсекеге қабілетті болудан басқа жол жоқ.
Мейрам Пішембаевтың қажырлы еңбегінің арқасында 2013 жылдан бері Қазақстан машина жасаушыларының форумы өткізіліп жүр. Оған АҚШ, Германия, Италия, Ресей, Түркия, ҚХР бастаған осы саланың алпауыт елдерінен делегаттар келіп қатысып, өз ойларымен тәжірибелерімен бөлісіп жатады. Мысалы, 2018 жылы VI форумда Қазақстанның машина жасау саласын дамытудың 2019-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы таныстырылды.
Кешенді жоспардың мақсаты – отандық машина жасаудың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ішкі нарықты Қазақстанда шығарылған өнімдермен қамтамасыз ету, экспорт деңгейін ұлғайту. Кешенді жоспар жаңа сапалық деңгейге көшуді – негізгі өндірісті жаңғыртуды көздейді. Қолдау тұрғысынан жоспарда қаржылық емес, оның ішінде қолдаудың қазыналық шаралары қарастырылған. Табысқа жетіп, тиімділікті арттыруға, технологиялық жаңартуға қаражат салуға, бәсекелі өнімдер шығаруға және жаһандық нарыққа шығуға мүдделі машина жасау кәсіпорындарына жан-жақты қолдау көрсетіледі, – дейді Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы.
Былтырғы жылы Қазақстанның машина жасау саласында маңызды қадам жасалды. Үкімет ҚР Машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын бекітті.
Барлығы Жол картасында 11 бағыттан тұратын 57 іс-шара көзделген. Жол картасын іске асыру кезінде өндіріс көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есеге өсіру, экспорт көлемінің 1,2 есеге артуы күтіліп отыр.
Қазақстан машина жасаушылар одағы мәлім еткендей, Жол картасын әзірлеудің басты мақсаты - отандық машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және саланың экспорттық әлеуетін ұлғайту. Жол картасында қолдау шараларының кешенді пакеті қарастырылған, онда отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету шаралары, сатып алуларда жергілікті қамту үлесін арттыру, техникалық реттеу шараларын жетілдіру, экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізу қамтылған.
2000 жылдан бастап Қазақстанда машина жасау өндірісінің көлемі 24 есеге өскен. 2019 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша 892,1 млрд теңгені құраса, биыл осы кезең бойынша оның көлемі 1,2 трлн теңгеге тең болған. 15 жылда сала құрауыш және қосалқы бөлшектерді өндіруден түпкілікті өнім түрлерін шығаруға көшті.
Мысалы тепловоздар, электровоздар, жолаушылар және жүк вагондары, жүк және жеңіл автомобильдер, автобустар, астық жинайтын комбайндар, сорғы жабдықтары, лифттер және басқа да жоғары технологиялы өнімдер бар. Сондай-ақ локомотивтер, трансформаторлар, коммуникациялық жабдықтар, оптикалық приборлар, электронды детальдар өндірісі, электр жарықтандыру жабдықтары және секілді жаңа өнімдерді де айтуға болады.
Шикізатты сырттан тасуға мәжбүрміз
Бұл саладағы негізгі мәселе шикізатты сырттан әкелу болып отыр.
Машина жасау кәсіпорындары көбінесе шикізат импортына тәуелді. Бұл өнім өндірісіне белгілі бір қауіп төндіреді. Бүгінде отандық машина жасаушылар шикізатты негізінен шетелден сатып алуға мәжбүр. Жыл сайын біз машина жабдықтарын өндіру үшін 240 мың тонна шойын мен құйма, 467 мың тонна шыңдалған және дайындалған, қоспаланған және қоспаланбаған болат сатып аламыз. Шикізат бәсекелестік бағаны қалыптастыру кезінде, әсіресе, экспортқа шығаруда және ішкі сұранысты қамтамасыз етуде өте маңызды,– деді Мейрам Пішембаев PrimeMinister.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Одақ басшысы Qazaqstan ұлттық арнасына берген сұхбатында импорттық тауар құны 17 млрд доллар болса, соның 40 пайызы құрал-жабдық тасуға жұмсалатынын айтқан. Өйткені елде қара және түсті металлдарды құю зауыттары аз. Барының өзінің технологиялары озық емес. Өндіріс қуаты төмен.
Деректер
Биылғы дағдарысқа қарамастан отандық машина жасаушылар өндірісі тоқтаған жоқ. Өсім 17 пайызды құраған. Одан бөлек, индустрияландырудың соңғы 10 жылында машина жасау саласында өндіріс көлемі төрт есе, инвестиция 2,5 есе, экспорт көлемі 3 есе өскен. 2020 жылғы 10 айда өндіріс көлемінің ұлғаюы машина жасаудың мынадай секторларында болды: автомобиль жасау 54%-ға, темір жол машинасын жасау – 1,9 есе, ауыл шаруашылығы машинасын жасау (трактор, дестелегіш, комбайн) – 44%-ға, электротехникалық машина жасау – 3%-ға өскен. Қазақстан машина жасаушылар одағының мәліметі бойынша, 2020 жылдың тоғыз айында Қазақстанда барлық үлгідегі 49 384 көлік құралы шығарылған, бұл 2019 жылғы қаңтар-қыркүйекке қарағанда 47,3% -ға артық.