Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қостанай облысы мәслихатының депутаттарымен және жергілікті жұртшылықпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесулерде Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың облыста іске асырылу барысы және Сенаттың өңірлерді дамытуға ықпал ету бағытында мәслихаттармен бірлескен жұмысы туралы мәселелер талқыланды. Сондай-ақ Палата Спикері машина жасауды дамытудың заңнамалық негіздері тақырыбына арналған дөңгелек үстелге қатысты және өңірдегі шойын құю, автомобиль зауыттары мен басқа да ірі кәсіпорындардың ұжымдарымен кездесті.
Мәулен Әшімбаев дөңгелек үстелге қатысушыларға ілтипат білдіре келіп, Мемлекет басшысы елімізде сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін маңызды міндеттер жүктегенін атап өтті. Осы орайда өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде жоғары шекті және қосылған құны жоғары сектор ретінде машина жасау саласы ерекше рөл атқарады. Сондықтан отырыс барысында машина жасау ісіндегі өзекті проблемалар көтерілді. Олардың қатарында қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландырудың болмауы, шикізаттың қымбаттығы, импортқа тәуелділік, өндіріске жаңа технологияларды енгізу сияқты мәселелер бар. Аталған түйткілдерді оң шешу үшін алдымен барлық мүдделі тараптың күш-жігерін ортақ іске жұмылдыру қажет.
Қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландырудың жеткіліксіз болуы машина жасау саласының дамуын тежейді және оның әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді. Бұл жабдық жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге және шығарылатын өнім желісін кеңейтуге инвестиция салу үшін маңызды. Тағы бір мәселе – алюминий, мырыш, мыс, қорғасын сияқты жеткізілетін шикізаттың қымбат және шектеулі болуы. Олардың тізімін кеңейту керек. Сондай-ақ бірқатар компания импорттық жабдықтар мен техника сатып алуды жөн көреді. Бұл елден капиталдың кетуіне әкеліп соғады және өздерінің өндірістік қуатының дамуын тежейді. Осы мәселелерді шешу үшін біз заңдарға толықтырулар енгізу мәселесін қарастырамыз. Бұл істе отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сатып алу жүйесін жетілдіру және қазақстандық тауарларды ішкі нарықта белсенді ілгерілету де маңызды шара екенін атап өткен жөн, – деп, Мәулен Әшімбаев Сенат жанында арнайы жұмыс тобы бар екенін тілге тиек етті. Оның аясында отандық машина жасау саласын дамытуға арналған идеялар мен ұсыныстар жан-жақты зерделенеді және олар тиісті заң әзірлеу кезінде ескеріледі.
Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесу барысында Қостанай облысының өнеркәсіптік әлеуетіне назар аударып, Сенат депутаттары оны іске асыруға заңнамалық деңгейде қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда, іс-шарада өнеркәсіптік, индустриялық өндірісті ұлғайтуға және аграрлық секторды дамытуға арналған жобаларды қолдау мәселесі кеңінен сөз болды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамытудың маңызды екенін айтты. Қостанай облысы айтарлықтай өнеркәсіптік әлеуетке ие. Оның ішінде тау-кен және машина жасау салалары ерекше рөл атқарады. Өңірде көптеген маңызды индустриялық жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Қостанай облысының шаруалары елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және дәнді дақылдардың жоғары өнімділігіне қол жеткізуге елеулі үлес қосып келеді. Алдағы уақытта Парламент Сенаты тарапынан облыстың одан әрі дамуына қолдау көрсетуді жалғастыра береміз, – деді Палата төрағасы.
Сонымен қатар кездесуде Мемлекет басшысы Мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында айтқан бастамаларды тиімді іске асыру үшін барлық деңгейдегі депутаттардың өзара іс-қимылын нығайту маңызды екеніне баса мән берілді. Мәулен Әшімбаев әріптестерін Парламенттің заңнамалық жұмысына белсенді қатысуға және өңірлердің белгілі бір мәселелерін шешу үшін тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеуге шақырды. Сондай-ақ ол ағымдағы сессияда депутаттық корпус Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстерімен, Банктер туралы жаңа заңмен және Цифрлық кодекспен жұмыс істейтінін айтты.
Мәслихаттар заңнамалық нормаларды, атап айтқанда, салық заңнамасын талқылауға және әзірлеуге барынша белсенді қатысуы қажет. Бұл ретте салық саясаты әлеуметтік проблемаларды шешудің және экономикалық өсуді ынталандырудың тиімді тетігі болуға тиіс. Біздің міндетіміз – агросектор саласындағы шаруалардың мүдделерін ескеретін, әрі қарай дамуына ықпал ететін және олардың азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан үлесін қолдайтын теңгерімді салық заңнамасын құру. Сондай-ақ Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мәслихаттар өңірлердегі маңызды міндеттерді тиімді іске асыра алатын қоғамдық саясаткерлердің жаңа толқынын қалыптастыру орталығына айналуға тиіс. Сондықтан азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өңірлердің проблемаларын шешуге ықпал ете отырып, осы және басқа да бағыттарда бірлесіп, белсенді жұмыс істейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сапар аясында Сенат төрағасы KІА автомобильдерін шығаратын зауыт құрылысының барысымен танысты. Одан бөлек, «KamLitKZ» ЖШС темір құю зауытына, «СарыарқаАвтоПром» және AGROMASH кәсіпорындарына арнайы барды.
Сенаторлар балаларға арналған «Iqostanay» SMART-орталығының шәкірттерімен де кездесті. Онда қазіргі таңда екі мыңға жуық оқушы қосымша білім алып келеді. Орталықта 24 үйірме жұмыс істейді және заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған киберспорт, инженерия, авиамодельдеу кабинеттері, химия және физика зертханалары, жаңартылатын энергия көздеріне арналған зертхана, акт, оқу және хореография залдары бар.