Машина жасау: Өндіріс көлемі 18%-ға ұлғайып, 5,7 трлн теңгеден асты

Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы өтіп жатыр. Форумда өндірісті дамыту, роботтандыру және отандық кәсіпорындарды қолдау тетіктері қаралады.

 Руслан Мустафин Бүгiн 2026, 12:44
Бүгiн 2026, 12:44
120
Фото: Руслан Мустафин

Бүгін Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы өз жұмысын ресми түрде бастады. Бұл алаң дәстүрлі түрде мемлекет пен бизнес өкілдерін тоғыстырып, машина жасау саласын одан әрі ілгерілетуге қатысты өзекті мәселелерді талқылайтын негізгі диалог алаңы саналады.

Форумның ашылуында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков сөз сөйлеп, машина жасау ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін айтты. Оның сөзінше, бұл бағыт бүгінде өңдеу өнеркәсібі көлемінің шамамен 20%-ын құрап отыр.

2025 жылдың қорытындысында сала тұрақты өсім көрсетті. Өндіріс көлемі шамамен 18%-ға ұлғайып, 5,7 трлн теңгеден асты. Бұл өсімге автомобиль жасау, теміржол техникасы және электротехникалық машина жасау бағыттары елеулі үлес қосты, – деді Олжас Сапарбеков.

Форум барысында жаһандық экономикалық сын-қатерлер аясында жергіліктендіру деңгейін арттыру, жаңа технологияларды өндіріске енгізу және құрамдас бөлшектер өндірісін күшейту мәселелеріне басымдық беріліп отырғаны айтылды. Негізгі мақсат – отандық өнімнің бәсекеге қабілетін күшейтіп, экспорттық әлеуетін кеңейту.

Осы бағыттар «Машина жасауды дамытудың кешенді жоспарын іске асыру» атты панельдік сессияда кеңінен талқыланды. Жиынға модераторлық еткен Мәжіліс депутаты Азат Перуашев саланың ұзақмерзімді дамуы үшін технологиялық негізді күшейту шешуші мәнге ие екенін атап өтті.

Нәтижеге тек қаржы құю арқылы ғана жету мүмкін емес. Онымен бірге технологиялық база қатар дамуы қажет. Сондықтан бірлесіп жұмыс істеуге дайын серіктестер мен заманауи технологияларды тарту маңызды. Бұл білім трансферін, ғылыми-зерттеу және конструкторлық орталықтар құруды, күрделі жабдықтарды жергіліктендіруді және кәсіби мамандар даярлауды қамтиды, – деді депутат.

Талқылау кезінде Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту саясаты жүйелі түрде жалғасып келе жатқаны да айтылды. Салықтық жеңілдіктер, түрлі преференциялар және индустриялық аймақтарды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары капитал салымдарының артуына серпін беріп отыр.

Сонымен қатар форум қатысушылары отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіру, цифрлық платформаларды кеңейту және бірыңғай өнеркәсіптік экожүйе қалыптастыру мәселелерін де көтерді. Ұзақмерзімді және оффтейк келісімшарттар, ішкі құн тізбегін дамыту, сондай-ақ Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілер тізілімі секілді құралдар осы бағыттағы маңызды тетіктер ретінде көзделген.

Екі күнге созылатын форумға 1000-нан астам адам қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында 20-дан аса мемлекеттен келген 100-ден астам шетелдік делегат бар. Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар қатарында өнеркәсіптік саясат, цифрландыру, роботтандыру және инвестиция тарту мәселелері бар.

Наверх